Өзбекстандағы сайлауда Шавкат Мирзиёев жеңіске жетті

Өзбекстандағы сайлауда Шавкат Мирзиёев жеңіске жетті

Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, «Узлидеп» партиясы атынан бәйгеге қатысқан кандидатты дауыс берушілердің 80,1 проценті таңдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Халықтық-демократиялық партияның үміткері Максуда Варисова 6,6 процентпен екінші орынды иеленді. 5 жыл бұрын өткен саяси науқан кезінде де дәл осы екі партия кандидаттары сайлаушылардың көп дауысын жинаған.

Айта кету керек, Өзбекстанның заңына сәйкес бір адам екі мәрте ғана президенттік қызметті атқара алады. Жалпы бұл жолғы науқанға халықаралық байқаушылар мен журналистер тарапынан қызығушылық зор болды. Сайлаудың ашықтығын 54 елден келген 1 мыңға жуық байқаушы қадағалады.

Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Бұл сайлау барлық демократиялық принципке сай өтті. 207 сайлау учаскесінен дауыс беру процессін онлайн қадағалау үшін 414 бейнекамера орнатылды. Өзбекстанда 20 млн-нан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар. Кешегі сайлау соның 16 млн-нан астамы өз таңдауын жасады. Бұл сайлаушылардың 80,8 процентін құрайды.