Қырғыз ағайынға көрші елдер жарық бермек

Қырғызстанда электр энергиясының тапшылығы сезілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы орайда оңтүстіктегі көршіміз қуат көзін Өзбекстан мен Қазақстаннан жеткізуді көздеп отыр. Жоспар іске асса, алдағы қыста елде энергия көзі жеткілікті болмақ. Электр қуаты тапшылығының басты себебі - Тоқтоғұл су қоймасында судың аз жиналуы. Ала жаздай жаңбыр аз жауып, құрғақшылық кесірінен қойма суға толмай қалған. Қарашаның басында онда 12 миллиард текше метр су болған. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 3 миллиардқа кем. Электр қуаты тапшылығын қысқарту мақсатымен биыл көктемде Қырғызстан үкіметі Өзбекстан және Қазақстанмен электр энергиясын жеткізу туралы келісім жасасқан еді. Орнына Бішкек-Тоқтоғұл қоймасынан су жіберетін болған. Ал наурыз-қыркүйек аралығында Өзбекстаннан 500 миллион киловатт сағат импортталды. Қазақстаннан жоспарланған 900 миллион киловатт сағаттың 536 миллионы жеткізілді.

Талайбек Байгазиев Ұлттық энергохолдинг басқармасының төрағасы: 

– Қазақстаннан электр қуаты жеткізіліп отыр. Бірақ Қазақстанда да электр энергиясы тапшылығы бар екенін атап кету керек. Сондықтан алдағы қыста сәл кідіріс болуы мүмкін. Бірақ бұл жалпы балансымызға қатты әсер етпеуі тиіс.

Қырғызстанға электр энергиясы Түрікменстаннан да жеткізіледі. Бірақ оны суға айырбастамай, сатып алуға мәжбүр. Ол жақтан 500 миллион киловатт сағат жеткізіледі. Бұл шаралар Тоқтоғұл қоймасындағы суды үнемдеуге көмек береді. Осы жағдайда Бішкек жылу электр орталығына қосымша ауыртпалық түседі. Мұнда Қазақстандағы Қаражыра кенішінен 268 мың тонна көмір әкелінді. Тәжірибе ретінде 7 мың тонна қарағандылық көмір сатып алынған еді. Бірақ оны қолдану күрделі боп шықты.

Талайбек Бектенов «Электр станциялары» ААҚ Бас директоры:

– Ол газ бөлмей жанады. Бірақ олар ылғалды тез сіңіре алады деген тұжырым берген. Сондай-ақ өтімділігі де тез, бункерлер мен конвейер жолақтарында тұрып қалмайды.  

Қырғызстанда жылына 15 миллиард киловатт сағат электр энергиясы өндіріледі. Алайда оны тұтыну жылына шамамен 6%-ке өсіп келеді. Алдағы қыста аудандарды кезек-кезекпен токтан ажыратпау үшін елде тұтыну шегі енгізіле бастады. Болат құю цехтары түгел токтан ажыратылып, жеке меншік үйлердегі үш фазалық жылыту құралдарына пломба салынды.

Авторы: Бақыт Чермашев