Грузияда медициналық ЖОО студенттері вакциналау науқанын қолдап отыр

Грузияда медициналық ЖОО студенттері вакциналау науқанын қолдап отыр

Тбилисидегі медициналық жоғарғы оқу орынының студенттері коронавирусқа қарсы вакциналау науқанын қолдап, түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр. Олар өз бастамаларына өзге білім ордаларын үн қосуға шақырды.

Науқанды өткізуге медицина университетінің студенттері мұрындық болған. Бұл оқу орынында білім алушылардың 87 проценті, ал оқытушылардың 93 проценті коронавирусқа қарсы вакцина алған. Көрсеткіш жақсы болған соң мұндағы оқу дәстүрлі форматта өтіп жатыр. 

Анна Чангян, вакциналауды қолдау бойынша ақпараттық жоба ұйымдастырушысы:

- Грузия мемлекеттік медициналық университеті вакциналау қарқынын үдету үшін студенттердің осы науқанын қолдады. Жастар халыққа вакцинаның қауіпсіз екенін түсіндіреді. Шара жыл соңына дейін жалғасады. 

Грузияда ауру жұқтыру көрсеткіші әлі де жоғары. Тұрғындар да екпе алуға енжар. Вакцинаның екі дозасын халықтың небәрі 34 проценті қабылдаған. Қазір тәуліктік өсім 4 мыңнан асады. Ауруханада ем қабылап жатқан 1600 науқастың жағдайы ауыр. Оның 400-ге жуығы өкпені жасанды желдету аппараттына қосылған. Өлім-жітім көрсеткіші де жоғары болып тұр. Күн сайын 70-тен аса адам көз жұмады. 

Лардо Габечава, Грузия мемлекеттік медициналық университетінің студенті:

- Пандемияны жеңудің жалғыз жолы - вакциналау. Өзге университеттерді осы үгіт-насихат шарасына қосылуға шақырамыз. Бірінші болып Кавказ университетіне үндеу тастадық. 

Медицина университетінің жастары өзге оқу орындарының студенттерін осындай бастаманы қолға алуға шақырып отыр. Яғни вакцина қабылдаудың маңыздылығын түсіндіріп, вируспен күресте үлгі көрсетуге үндейді.

Юлия Тужилкина