Трансшекаралық су мәселесі: қырғыздар қазақстандық инвесторларға үміт артып отыр

Орталық Азия елдерінің Кәрі құрлықпен байланысы тереңдей түспек. Себебі жыл сайын күрделеніп бара жатқан трансшекаралық су мәселесін шешуде Еуропа тәжірибесіне сүйенуді көздеп отыр. Бұл туралы Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің Душанбедегі басқосуында айтылды.

Орталық Азия елдері арасындағы су мәселесі 1992 жылғы Алматы келісімімен реттеледі. Оған қоса, «Аралды құтқару» халықаралық қоры жанындағы су шаруашылығын реттеу мемлекетаралық комиссиясы суармалы маусым кезінде судың бөлінуін қарастырады. Алайда демографиялық жағдай, экономикалық өсім мен климаттың өзгерісінен кейін бұл мәселе күрделеніп барады.

Рахимзода Султон Нурмахмадпур, Тәжікстанның су мен климат жөніндегі ресми өкілі:

– Егер 1960 жылдары жан басына шаққанда судың мөлшері жылына 8 400 текше метрден келсе, бүгінде бұл көрсеткіш 2000 текше метрді ғана құрап отыр. Яғни соңғы 50 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге төмендеген. Ал жаһандық индикатордың бұл көрсеткіші небәрі екі есеге ғана азайған. Демек біз ғаламдық тенденциядан озып кеттік. Осылай жалғаса берсе, Орталық Азиядағы жағдай мүшкіл болмақ. 2040 жылға қарай судың мөлшері жан басына шаққанда жылына небәрі 1 мың текше метрді ғана құрамақ. Сондықтан бұған жол бермей, ауыл шаруашылығы мен электр энергиясын өндіруге қажет мөлшердегі ресурстарды сақтап, экономикалық қажеттіліктері өтеу үшін суды дұрыс пайдалануды қазірден бастап ойластыруға міндеттіміз. 

Расымен, су ресурстарын ұтымды пайдалану ауыл шаруашылық мақсатында ғана емес, энергия өндіру саласына да салмақ түсіреді. Мәселен, біздің елде сыр бойындағы халықты тіршілік нәрімен қамту үшін қырғыз ағайынмен мәмілеге келу маңызды. Өйткені Қазақстанның суармалы егісіне қажетті су Джалал-Абадтағы Тоқтоғұл қоймасынан жіберіледі. Ал Тоқтоғұлдағы су энергияны өндіруге қолданылады. Биылғы қуаңшылық салдарынан қиын жағдайға тап болған қос мемлекет су мен энергия алмасу жөніндегі келісімді өзгертуге мәжбүр. 

Руслан Қазақбаев, Қырғыз республикасының сыртқы істер министрі:

– Енді Қазақстан – біз үшін біртуған мемлекет. Сондықтан біздің гидроэнергетикалық жобаларға Қазақстан үкіметі, Қазақстанның инвесторлары Қазақстан үкіметінің саяси қолдауымен мына жобаларға қаржы құйса дейміз. Себебі, су мәселесі бізде де туындап жатады. Мысалы, қыс келіп қалды, Тоқтоғұлда су аз. Сондықтан қазір біз барлық жерден Түрікменстан арқылы, Өзбекстан арэнергияны қарастырып жатырмыз. Егер біз Тоқтоғұлдағы судан энергия өндіре берсек, түптің түбінде Қазақстанға қиын болады. Сол себепті, қазір жаңа жобалар жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.   

Қырғыз тарапының ұстанымы жаңадан салынып жатқан гидроэнерго стансасына қажет қаржыны Қазақстан бөлсе, мәселенің шешімін табуға болады дегенге саяды. Тәжік елі де өзен суының әлеуетін тиімді пайдалануда аймақтағы көрші елдерге өз ұсыныстарын әзірлеген.

Рахимзода Султон Нурмахмадпур, Тәжікстанның су мен климат жөніндегі ресми өкілі:

– Тәжікстанның гидроэнергетика саласындағы әлеуеті зор.  Жылдық көрсеткіші сағатына 527 миллиард киловатты құрап отыр. Бұл аймақтағы электр энергиясына деген сұраныстан үш есеге көп. Мұндай электр энергетикалық әлеуетінен Тәжікстан тек 3-4 процентін ғана қолданып отыр. Екіншіден, отын-энергетика мақсатында қолдануға болатын Тәжікстан жерінің қазба байлығы жоқ. Үшіншіден, Тәжікстанның электр энергиясының әлеуетін қолдану қолжетімді әрі жасыл энергиямен толық қамтуға көмектесер еді. Яғни, атом немесе жылу орталығынан алынатын энергиямен салыстырғанда электр энергиясына қаржы аз жұмсалады.

Мәлім болғандай, трансшекаралық су ресурстарын реттеу жөнінде Еуродақтың бастамасымен Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия аумағында Ұлттық саяси диалог құрылған. Тұғырнама аясында 10 мемлекет, оның ішінде қазақ, қырғыз, тәжік және түрікмен елдері дәл осы су мәселесін талқылайды. Бұл диалогқа Өзбекстан әзір қосылмаған.

Министрлердің ортақ жиынында да, екі жақты кездесу барысында да талқыға түскен тағы бір мәселе - су тапшылығы. Таяуда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су дипломатиясын түзу жөнінде құзырлы ведомствоға нақты тапсырма берген еді. Міне, осы бағыттағы жұмысты ілгерілету мақсатында Қазақстан Еуропа елдерінің тәжірибесін зерделейді. Нақтырақ айтқанда, тоғыз елдің тіршілігін қайнатқан Дунайдың суын қолдану ережелері зерттеледі.

Мұхтар Тілеуберді, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі:

– Су мәселесі Орталық Азия үшін өте өзекті. Соған біздің Еуропалық әріптестеріміз қандай үлес қосуы мүмкін? Одан кейін Еуропадағы сумен бөлісу мәселесі бар. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, Еуропадағы су мәселесі тарихи ұзақ уақыттың ішінде шешілген болатын. Сол тәжірибемен бізбен бөліссе, оның ішінде қаржыландыру да, экспертизалық көмек беру мәселесі де талқыланды. 

Йоханнес Станбаек Мадсен, Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің ынтымақтастық жөніндегі бөлім басшысы:

– Дунай бассейніне қатысы бар елдердің төтенше жағдайлар кезінде немесе климаттың өзгерісінен туындаған мәселелерді шешу өзара реттелген. Орталық Азия үшін де бұл жұмыстар аса маңызды. Дунай өзенін қорғау жөніндегі халықаралық комиссия шеңберіндегі әріптестік өзара қарым-қатынасты орнатудағы сәтті платформа саналады. Яғни, экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіші әртүрлі 14 мемлекет суды реттеу мәселесін оңтайлы шешу үшін диалог орната алды. Бұл – ортақ шараларды іске асыруға көмектесетін бірден-бір шешім.

Айта кетейік, Дунайды бойлай қоныстанған елдердің кейбірі Еуроодаққа кірсе, біразы кірмейді. Осы себепті Дунай өзенін қолдануда ара-тұра келіспеушіліктер болмайды емес, болады. Бірақ соған қарамастан үнемі мемлекетаралық диалогты жүргізу арқылы Кәрі Құрлықтағы су мәселесі назарда ұсталады. 

Бақыт Топтаева