Англияда қоғамдық орындарда маска тақпағандарға айыппұл салынады

Өңірде метро мен дүкендерде, әуежайлар мен вокзалдарда маска тақпағандарға салынатын айыппұл көлемі теңгеге шаққанда шамамен 120 мыңдай, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сондай-ақ Ұлыбританияда бустерлік вакцинаны алу құқығына ие адамдардың санаты кеңейтілді. Екінші және үшінші доза арасындағы уақыт қысқартылатын болды. Ал қоғамдық орындарда маска тақпайтындар жазаланбақ.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

–Британиялықтар ковидке қарсы иммунитетті күшейтетін бустерлік вакцинаны араға жарты жыл салып емес үш айдан кейін қабылдайтын болды. Қазір үшінші компонент 40-тан асқан адамдарға ғана қолжетімді, бірақ жақын күндері екпе кәмелет жасқа толғандардың барлығына ұсынылмақ. Сарапшылар тобы бустер ретінде «Модерна» және «Файзер» вакциналарын салдыруға кеңес беріп отыр. Сонымен қатар 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға бірінші дозадан кейін 3 ай өткен соң екіншісін алуға кеңес берілді. Биліктегілер осылайша «Омикрон» атты жаңа штамнан қорғанудың амалын жасап жатыр. Өйткені оның тез тарап, жұғу қаупі өте жоғары.

Джонатан Ван-Там, Англия бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазір біз омикронды зерттеп жатырмыз. Ол Ұлыбританияның ғана емес бүкіл әлем ғалымдарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Біздің вирус туралы білгенімізден білмейтініміз көп. Вакциналардың жаңа штамға қарсы тұру күшін зерттеу үшін кемінде 3 апта керек.

Бүгінде Англия мен Шотландияда ковидтің жаңа штамын жұқтырған 11 адам анықталып отыр. Алдағы аптада олардың саны 100-ге дейін жетуі мүмкін, дейді мамандар. Бүгіннен бастап Англияда метро мен дүкендерде, әуежайлар мен вокзалдарда маска тақпағандарға айыппұл салынады. Оның көлемі теңгеге шаққанда шамамен 120 мың. Талапты екінші рет орындамаған жағдайда айыппұл көлемі еселене түседі. Концерттер мен пабтарда бетперде тағу әзірге міндеттелмейді. Денсаулық сақтау саласындағылар антиденелердің деңгейі артса, ағзаның иммундық жауабы күшейіп, жаңа штамды жұқтыру қаупі азаюы мүмкін дейді. Сондай-ақ мамандар Файзерді бес пен он бір жас аралығындағы балаларға салдыру мәселесі Рождество мерекесіне дейін шешіліп қалады деп отыр.

Айта кету керек, бустерлік екпелерді британиялықтардың 30 проценті алып үлгерді. Алдағы уақытта күніне жарты миллион халық ревакциналау науқанына қатысады деген жоспар бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы