Египетпен арадағы әуе қатынасы тоқтатылды

Египетпен арадағы әуе қатынасы тоқтатылды

Қазақстан бүгіннен бастап Мысырмен арадағы әуе қатынасын тоқтатты. Енді ол жақта қыдырып, демалып жүргендерді кезең-кезеңімен елге жеткізіледі. Себеп – коронавирустың жаңа штамының таралуы. Төрткүл дүниеден туристер ағылатын бұл елде, қазір бүкіл әуежайлар қатаң бақылауға алынып, онда әскер мен дәрігерлер кезекшілікке кіріскен. Мейманханалардан да кісі аяғы арыла бастады. Өйткені полиция бөлме-бөлмені аралап, кейбір қонақтарды тестілеуден өтуге міндеттеп жүр. 

Египет билігі індеттің кезекті толқынына тас-түйін дайын отырғанымен, коронавирустың жаңа түрі тосын жаңалық болды. Ел аумағында омикрон штамы анықталғаны туралы хабар тарағаннан кейін, Каирде медицина құрылымдарының басшылары шұғыл мәжіліс өткізді. Денсаулық сақтау министрінің өкімімен санаулы сағатта эпидемиолог-дәрігерлердің мобильді топтары жасақталып, дереу ел экономикасы үшін маңызды барлық стратегиялық нысанда кезекшілікке кірісті. Олардың қатарында әуежайлар, қонақ үйлер мен супермаркеттер бар.

Хаким Мурад, Египет ауруханалары альянсының басшысы:

– Қазір Египетте індеттің төртінші толқыны өршіп тұр. Күн сайын бір мыңдай науқас анықталады. Енді мына жаңа штамм елдегі эпидахуалды одан сайын нашарлатып жіберуі мүмкін. Сондықтан карантиндік топтарды құруға шешім қабылданды. Олардың қатарында білікті дәрігерлерден бөлек, медик-студенттер де бар. Ел бюджетінен 6 миллиондай доллар оларға қосымша жалақы төлеу үшін бөлінді.

Қатаң бақылау шаралары ұзын сонар кезектердің туындауына әкеліп, талай дау туғызды. Әуежайлар лық толы, ұшақтар сапарына бірнеше сағатқа кешігіп шығып жатыр. Ал әскерилермен бірге кезекшілік етіп жүрген карантиндік топтар туристерді әй-шайға қаратпастан тестілеуге алып кетуі мүмкін.

Хишам Вабхи, Каирдегі жұқпалы аурулар клиникасының бас дәрігері:

– Қонақ үйлердегі адамдар мен бөлмелер ішінара іріктеліп, тексеріледі. Егер бұрын туристер елге келген кезде тестілеуден өтсе, қазір демалыс барысында үш рет тексерілуі мүмкін. Үкіметтің мұндай шараға баруына негіз бар. Өйткені нақты қанша адамның омикрон штамын жұқтырғаны белгісіз. Дегенмен әлі де көп емес. Ал туристік маусым қызып тұр, сондықтан қатаң шаралар қабылдау қажет.

Әдетте шипажайлар Жаңа Жыл мейрамына үлкен үміт артатын. Алайда жаңа штамнан бөлек, елдегі қатаң санитарлық шаралар да туристерді Египетке саяхаттаудан айнытып жіберуі мүмкін. Каирдегі қонақ үйлер қауымдастығының мәліметінше, туристер саны 20 процентке қысқарса, қаладағы мейманханалардың төрттен бірі банкротқа ұшырауы ықтимал. Ал бұл туризм саласындағы ең үлкен дағдарыс болмақ.

Авторлары: Светлана Брахмит, Әмір Мұрад