Жаңа Каледония тәуелсіздіктен бас тартты

Жаңа Каледония тәуелсіздіктен бас тартты

Жаңа Каледония аралы тәуелсіздік алу туралы референдум өткізді. Дауыс беруге қатысқандардың 96 проценті Францияның құрамында қалуды қолдаған.

Мұндай саяси іс-шара осыған дейін 2 рет 2018 және 2020 жылдары өтіп, екеуінде де сепаратистер ұтылған болатын. Азаттықты жақтайтындар Франция билігінен референдумды коронавирусқа байланысты кейінге шегеруді сұрап, бойкот жариялады, бірақ бұған ресми Париж құлақ асқан жоқ. Нәтижесінде дауыс беруге жергілікті азаматтардың тек 41 проценті ғана қатысты.

Кэролайн Гравелат, заң ғылымдарының профессоры:

- Жаңа Каледония ұзақтығы 18 айдан аспайтын өтпелі кезеңге аяқ басты. Осы уақыт ішінде Франция үкіметі мен Каледония басшылығы жаңа келісімге келіп, Франциямен арадағы құқықтық қарым-қатынасты және Жаңа Каледонияның автономия деңгейін анықтауы тиіс. Бұл жікке бөлінген Каледония қоғамының болашағын құруда өте маңызды қадам.