Оңтүстік Кореяда бүгіннен бастап мектеп оқушылары қашықтан білім алуға көшті. LIVE

Сонымен қатар өткен демалыс күндерінен бастап ойын-сауық мекемелеріне баруға  шектеу енгізілді. Бұл вирусқа шалдыққандардың қатарын  аздап тежегенімен, ауруханада әлі де болса орын тапшылығы байқалады, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы Сеулдегі меншікті тілші Владислав Цой тікелей байланысқа шығып айтып берді.

Владислав Цой, тілші:

– Демалыс күндері Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне 6 мыңға дейін азайды. Естеріңізге сала кетейін, өткен аптада сегіз мыңға жуық науқас тіркелген еді. Ал бір күн бұрын індеттен 78 тұрғын қайтыс болды. Дәрігерлер омикрон штамына алаңдайды. Ол қазірдің өзінде 178 адамнан табылған. Сенбіде омикронның 12 жаңа жағдайы тіркелді. Олардың барлығы шетелден, яғни  АҚШ, Ұлыбритания, Гана және Танзаниядан келгендерден табылды. Елде шектеу шаралары күшейді.

Бір жерде 4 адамнан көп жиналуға болмайды. Мейрамханалар, ойын-сауық және спорт нысандары түнгі сағат 10-ға дейін жабылуы керек. Сонымен қатар оларға тек вакцина алған адамдар ғана бара алады. Ал далада өтетін іс-шараларға 300 адамға дейін қатысуға болады. Мұндай ережелер 2 қаңтарға дейін күшінде болады. Елде аурухана төсек-орындары мен медициналық қызметкерлер жетіспейді. Сеулдегі реанимация бөлімшелері 90%-ке, басқа аймақтарда 80 процентке толы. COVID-19 жұқтырған 31 мыңнан астам науқас дәрігерлердің бақылауымен үйде емделуде. Ауруханаларда орын тапшылығына байланысты Сеул маңындағы Янжу қаласында жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанған. Ол өз үйінде COVID-19-дан емделген, бірақ толғағы басталғанда оны 16 аурухана қабылдаудан бас тартқан. Бұған дейін медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы наразылық акциясын өткізген болатын. Ақ халаттылардың да өз айтары бар.

Сеул дәрігері:

– Бір науқас ауырсынуды басатын дәрі қабылдағаннан кейін біраз уақыт өткен соң тағы бір доза алуды сұрады. Ал мен қан қысымы түсіп, тыныс алуы қиындаған науқастарға көмектесу үшін жүгірдім. Бұл науқас ақыры қайтыс болды. Елде ковидтік ахуал нашарлады. Бірақ қосымша төсек-орын дайындалмаған. Медбикелер жұмыстан шығып, маман тапшылығын сездік. Бір бригада күні-түні жұмыс істейді. Біз медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігіне байланысты шара қолдануды сұраймыз, медбикелердің құқығы туралы заң қажет.

Владислав Цой, тілші:

– Қазір құзырлы органдар халықты екпе алуға шақырып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша тұрғындардың 80 проценттен астамы толық екпе алды, оның 22 процентке жуығы ревакциналаудан өткен. Oмикрон штамын жұқтырған 178 науқастың жартысына жуығы COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған. Дегенмен төрт адам бустерлік дозасын алыпты. Бүгіннен бастап барлық мектептер қашықтан оқуға көшті. Кейбір аймақтарда оқушыларды қысқы демалысқа бір апта бұрын жіберу туралы шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейін, балабақшалар мен жалпы білім беретін мектептерде күніне 900-ге жуық COVID-19 оқиғасы анықталған. Осы сағатта мендегі бар ақпарат легі осы.