Израиль азаматтарының АҚШ-қа баруына тыйым салды

Бір айға жетер жетпес уақыт ішінде омикрон әлемнің 90-ға жуық еліне тарап үлгерді. Індеттің өршуінен қауіптенген мемлекеттер етек-жеңін қымтап, сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Кей елдер сырттан келетін жолаушыларға қойылатын талаптарды қатаңдатты. Енді бірі әуе рейстерін шектеді. 

Экономикасы қуатты, медицинасы мығым болғанына қарамастан қазір Ұлыбританияда эпидахуал күрделі. Елдегі жағдайдың ушыққаны сонша, соңғы күндері мұнда пандемия басталғалы болмаған көрсеткіштер тіркеліп жатыр. 17-сі күні Корольдік аумағында 93 мыңнан астам азамат науқас деп танылса, 18-і вирус жұқтырғандар қатары 90 мыңнан асқан. Ал бүгін бірден 12 адам омикроннан қайтыс болды. Денсаулық сақтау жүйесі сыр бере бастағандықтан, Лондон мэрі қалада төтенше жағдай режимін енгізді. Індеттің таралуын тезірек тежеу үшін тіпті шаһардағы Уэмбли стадионы вакциналау орталығына айналған. 

Карлтон Колако, екпе салдырушы:

- Өз басым жауапкершілікті терең сезінемін. Осыған дейін де бустерлік дозаны салдыруға тырыстым. Бірақ кезегім тек қаңтарда келеді деп айтқан еді. Ал осында вакциналау орталығы ашылып, үшінші екпені салуға болатынын естігенде бірден келдім.

Омикронның таралуынан қауіптенген Нидерланд әлемде алғаш болып жалпыұлттық локдаун жариялады. Кешелі бері бұл елде азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа ештеңе жұмыс істемейді. Бәрі жабық. Білім ордаларының өзі қашықтан оқуға көшкен. Ал футбол матчтары көрерменсіз өтеді. Үкімет басшысы Марк Рюттенің айтуынша, билік мұндай шараға амалсыз барған.

Марк Рютте, Нидерланд премьер-министрі:

- Амалсыздан 14 қаңтарға дейін локдаун жариялау туралы шешім қабылданды. Азаматтар бұған түсіністікпен қарайды деп үміттенемін. Өйткені оған екі себеп бар. Біріншісі: ел аумағында вирус жұқтыру көрсеткіші өте жоғары. Ауруханалар науқасқа толы. Осыған байланысты біз инфекцияның таралуын мейлінше азайтуымыз керек. Қатаң шектеу шарасын енгізудің тағы бір себебі – омикрон. Біз бұл штамм туралы әзірге көп білмейміз. Бар білетініміз, ол дельтаға қарағанда әлдеқайда жұқпалы.

Омикронға байланысты шектеу шараларын енгізіп жатқан тек кәрі құрлық елдері ғана емес. Мәселен, бүгін Израиль үкіметі ел азаматтарының АҚШ-қа баруын тыйды. Бұл тізімде Америкадан бөлек әлемнің тағы 50 елі бар. Билік өкілдерінің айтуынша, Израильде жаңа штамм жұқтыру көрсеткіші қазір онсыз да жоғары. Осы уақытқа дейін қауіпті инфекция 134 адамнан анықталған. Тағы 307-сі коронавирустың жаңа түріне шалдықты деген күдікпен бақылауға алыныпты. Сондықтан қазіргі жағдайда әр адам барынша сақтық танытуы керек екенін айтады ел премьер-министрі. 

Нафтали Беннетт, Израиль премьер-министрі:

- Ел аумағында омикрон жұқтыру деңгейі артып барады. Сондықтан әрбір азамат жауапкершілік танытып, өзі мен жақындарының денсаулығына мұқият болуы керек.

Туризмімен танымал Таиланд та шетелдік азаматтардың елге кіру шарттарын өзгертуді қарастырып жатыр. Өйткені бұл елде омикрон жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді. Қауіпті инфекция Нигериядан келген ерлі-зайыптыдан анықталған. Вирус одан сайын қарқын алмас үшін енді шетелден келген азаматтар міндетті түрде карантинге жатқызылуы мүмкін.