Украинада азық-түлік бағасы тағы шарықтады

Жаңа жыл қарсаңында Украинада азық-түлік бағасы тағы да шарықтады. Әсіресе ет, жұмыртқа, көкөніс пен цитрус жемістері қымбаттады. Кеше ғана Еуропада газдың мың текше метрі 2 мың долларға жеткен еді. Бұл өсім Украинаға да салқынын тигізбей қоймайды.

Биыл Украинада өнеркәсіптік орындар тұтынатын газ, өткен жылмен салыстырғанда 7 есеге артқан. Жыл басында өнеркәсіпке арналған көгілдір отынның мың текше метрі 8 мың гривна болса, бүгінде ол 55 мың гривнаға жетіп отыр. Бұған қыстың көзі қырауда Еуропада көтерілген газ құны тікелей әсер етті. Бүгінде кәрі құрлықта газдың мың текше метрі 2 мың долларға жеткен. Енді Украинада азық-түлік бағасы бірнеше есеге шарықтап кетті. Жаңа жылдың алдында жеміспен бірге еттің бағасы да еселеп өсті. Қымбатшылық қарапайым жұрттың қалтасы мен жүйкесін қатар жұқарта бастады. 

Светлана Волкова, Киев қаласының тұрғыны:

 - Еттің бағасы көтерілді, әсіресе тауық етінің өскенін байқадық, өйткені біз оны жиі тұтынамыз.

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасының өсуі халықтың көңіл-күйіне кері әсер етті. Әсіресе жұрт жиі тұтынатын ет, сүт өнімдері мен жұмыртқаның қымбаттағаны арқаға аяздай батады дейді тұрғындар. 

- Жаңа жылдың алдында ет қымбаттады.

- Сүт және жұмыртқаның бағасы артты. Жаңа ғана орталық Украинада тұратын анаммен сөйлескен едім. 29 гривна тұрған жұмыртқа 40 гривнаға көтеріліпті.

- Ет кем дегенде 20-25 процентке қымбаттады.

Дегенмен, Украинада өнеркәсіпте қолданылатын және қарапайым жұрт тұтынатын газдың бағасы екі түрлі. Өнеркәсіпке арналған көгілдір отынның мың текше метрі - 55 мың гривень. Бұл шамамен 909 000 теңге. Ал тұрғындар осындай көлемдегі газ үшін 8 мың гривна, яғни 132 мың теңге төлейді. Бірақ қарапайым тұрғындарға жасалып отырған бұл жағдай ұзаққа бармауы мүмкін. Украина ұлттық газ компаниясының басшысы Юрий Витренконың айтуынша, мемлекет бағаны көпке дейін ұстап тұра алмайды. Жаңа жылдан кейін қара халық тұтынатын газдың тарифы екі есе өседі деген болжам бар.  

Аида Қыдырбай, Петр Борейко