АҚШ-та ковидпен күреске дәрігер жетіспей жатыр

АҚШ-та эпидахуал ушығып барады. Елдің Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, омикрон 48 штатта анықталған. Жаңа вирусты жұқтырғандардың арасында қайтыс болғандар да бар.

АҚШ-тың Техас штатында вирустың омикрон түрін жұқтырған бір науқастың қайтыс болғаны расталды. Бұл осы елде тіркелген алғашқы кейс. 50-60 жастың шамасындағы ер азамат вакцина алмаған болып шықты. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының мамандары осылай мәлімдеді. Енді американдықтар омикроннан сескене бастады. Ал дәрігерлер ауруханаларда маман тапшы екенін айтты.

Мэри Тернер, медбикелер қауымдастығының президенті:

 - Қазіргідей эпидахуалды тура бір жыл бұрын көрген едік. Сол уақыттан бері бізге «сіздер майданда жүрсіздер және жауынгерлер сияқты күресулеріңіз керек» деп айтылып келген еді. Олай болса біліп қойыңыздар, біз бұл соғыста жеңіліп жатырмыз, өйткені ауруханаларда жататын орын жоқ. Сонымен қатар қызметкерлер де жетіспейді. Бұлай жалғаса беретін болса ұзаққа бара алмаймыз.

Омикронның жылдам тарап жатқаны соншалық, желтоқсанның басында оны жұқтырған науқас саны 1 процент қана болса, қазір ол 73 проценттен асып отыр. Енді қоғамдық орындарда масқа тағу ережесі қайта күшіне еніп, мейрамханалар мен кеңселер жабылып жатыр. Ал оқу орындардың кейбірі онлайн форматқа көше бастады.

Эмми Сиссон, мектеп дәрігері:

 - Ковидтің таралуын дер кезінде тоқтату үшін ауырған адам мен онымен байланыста болған адамның дер кезінде карантинге жіберілуі аса маңызды. Ал оқушыларға келгенде бұл өте қиын. Себебі олар бір сыныптан екіншісіне көшіп жүре береді. Сыныптастарымен де әрдайым байланыста. Омикрон біздің мектепке де жетті және бұл дабыл қағатын жағдай.

Елдегі эпидахуалды реттеу үшін Президент Байден батыл қадамдарға баратынын мәлімдеді. Мәселен, АҚШ бойынша жұмыс істеп тұрған 80 мың тестілеу орталығынан бөлек қосымша 10 мың орталық ашылмақшы. Тағы жұмыс күші тартылып, үй жағдайында ковид сынамаларын алуға мүмкіндік жасалады. Ақ үй басшысының айтуынша, локдаун жарияланбайды. 

Джо Байден, АҚШ Президенті:

 - Халқымыз әбден шаршап, әбігерге түсіп жатыр. Бірақ күрес әлі де жалғасуда. Осы аптадан бастап жүздеген орталық ашылып, халыққа көмек көрсететініне уәде беремін. Бустер дозалары жұртшылыққа дер кезінде жетуге тиіс. Алдағы мерекені жақындарыңызбен бірге өткізуді қаласаңыз, бустер екпесін алыңыз. Сонда ғана аурудан аулақ боласыздар.

Джен Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

 - Енді тестілеу орталықтарына бармай-ақ, ковид тестін үйіңізден-ақ тапсыра аласыз. Арнайы сынамаларды алғыңыз келсе, веб-сайтқа кіріп тапсырыс беріңіз. Мамандар оны үйіңізге жеткізіп береді. 

Президент Байденнің айтуынша, вакциналау науқанының артуы - амеркиалықтардың қалыпты өмірге оралуының кепілі. Эпид ахуал әсіресе осы күн суытқан кезде күшейіп кетуі мүмкін, - дейді мамандар. Күні бүгінге дейін 200 миллион америкалық вакцина алса, соның 62 миллионы бустер екпесін салдырған.

Талғат Алманов