Қытайда Олимпиадаға арнап жүрдек пойыз шығарылды

Қытайда Олимпиадаға арнап жүрдек пойыз шығарылды

Бейжіңдегі қысқы Олимпиада бір мезгілде үш жерде өтеді. Қатысушыларға ыңғайлы болсын деп жергілікті билік арнайы жоғары жылдамдықты пойыздарды пайдалануға енгізді, деп хабарлайды Хабар 24.

Олар Олимпиада аймақтары арасында жол жүру уақытын үш есе қысқартады. Келе жатқан қысқы ойындар Бейжің Олимпиадасы деп аталса да, тағы да Қытай астанасының Яньцин атты қала маңы ауданында және көрші аймақтың Чжанцзякоу шаһарында өтеді. Бейжіңнен Чжанцзякоуға автокөлікпен жету үшін шамамен үш сағат кетеді. Коронавирусқа қатысты тексерулерді ескерсек, одан да көп уақыт керек. Ал пойызбен бұл араға бір сағатта жетуге болады. Сондықтан олимпиадаға барар бағыттарға асықпай жүретін және жүрдек пойыздар қатынайды.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

 – Бұл пойыз жылдамдығын сағатына 350 шақырымға дейін арттыра алады. Түрлі өзін-өзі тексеру жүйелерімен жабдықталғандықтан, ол «ақылды» қозғалыс құралы саналады. Пойызды адам бақылағанмен өзі жүреді.

Бұл көз ілеспес шапшаңдықпен жүретін Қытайдағы алғашқы «ақылды пойыз». Оны мамандар былтыр ғана арнайы қысқы Олимпиада үшін жасап шығарды. Ал теміржол көлігінің экипажы «қарлы арман» деп аталады.

У Ифань, жүйрік пойыз экипажының мүшесі:

 – Экипаж қысқы Олимпиада туралы терең білім алды. Сонымен қатар біз шет тілдері мен ым-ишарат тілін қарқынды меңгердік. Ал егер сіз демалыс күндері бұл пойызға отырсаңыз, спорт киімін киген бізді көре аласыз.

Соңғы он бес жыл ішінде Қытайда жоғары жылдамдықты пойыз жасау қарқынды дамып келеді. Осыдан оншақты жыл бұрын елдегі пойыздардың 5 проценті ғана жүрдек болатын. Ал қазір әр үш жолаушының екеуі жылдам жүретін бағытты таңдай алады.

Чжао Чанцзян, Қытай теміржолы даму және реформалау департаментінің директоры:

 – Жыл соңына дейін бірнеше жүрдек пойызы пайдалануға беріледі. Сөйтіп Қытайдағы жүрдек пойызға арналған теміржол ұзындығы 40 мың шақырымға жетеді. Бұл болашақ үшін өте маңызды қадам. 

Бұрнағы жылдары жүрдек пойыз жүретін жолдарда апат жиі болатын. Содан кейін қауіпсіздік талаптарына жіті мән берілді. Қазір дәл осы қатынас құралымен әуе кемесімен ұшқандай қорықпай жүруге болады. Қытай билігі ақ олимпиадаға қатысатындар мен оны тамашалайтын жанкүйерге жүрдек пойызбен қатар автобус және такси ұсынбақшы. Ол үшін тас жолдарда бұл көліктерге арнайы жолақ бөлінді.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева