Баку пандемияға қарамастан Жаңа жылды тойлауға дайындалып жатыр

Пандемия мен санитарлық шектеулерге қарамастан, Баку Жаңа жылды тойлауға дайындалып жатыр. Әзербайжан астанасында елдің бас шыршасы орнатылып, мұз айдындары мен жәрмеңкелер ашылды. Қала көшелері безендірілді.

Баку қаласының бас алаңында шырша орнатылып, қайырымдылық жәрмеңкесі жұмысын бастады. Мұнда мейрам өткізуге қажет заттың бәрі бар – жаңажылдық шамдар, тоқылған бас киім, қолдан жасалған әшекейлер мен жастықтар. Ал саудадан түскен қаражат балаларды емдеу мен табысы аз отбасыларға көмекке жұмсалады. Ал қабырғаға жапсырылған тәрелкелерге жәрмеңкеден алған әсерімен бөлісуге болады. Тұрғындардың көбі Аяз атаға жаңажылдық тілектерін жазып, қалдырып жатыр.

– Күн суық болса да, көңіл-күйіміз көтеріңкі. Тілеген тілектерімінің барлығы орындалса екен деймін. Бәріміз арманымызға жетіп, коронавируссыз өмір сүрейік. Маскалар мен шектеулерден құтылайық. Бүкіл Қазақстанға үлкен сәлем жолдаймын.

– Келер жылы індет аяқталса екен дейміз. Жиі бас қосып, көңіл көтерейік. Бәрімізге зор денсаулық, бейбіт әлем тілеймін. 

Ал мейрамның басты рәмізі – Жаңажылдық шырша қаланың бас алаңында орнатылды. Биіктігі 15 метрге жететін ағаштың алдында суретке түсу үшін жәрмеңке қонақтары ұзын-сонар кезекке тізілді.

Ал мектептерде мерекелік шаралар мен би кешін өткізуге тыйым салынды. 

Эльшан Гафаров, білім беру саласының сарапшысы:

– Гигиена және эпидемиология орталығы барлық мектепті тексеріп жүр. Егер вирус анықталса, 14 күнге жабылады. Әзербайжандағы оқу орындарының көбі карантиннен кейін қалыпты жұмысына оралды. Бар жерде санитарлық шаралар сақталып жатыр. Әрине, қазіргі жағдайда мектептерде жаңажылдық шаралар өткізуге болмайды. 

Әзербайжанда санитарлық шектеулердің мерзімі бірінші наурызға дейін ұзартылды. Алайда мейрамға байланысты кейбір жеңілдіктер жасалды. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарына 31-желтоқсанда түнгі екіге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Камилла Джабарова, Айгюн Гасан, Хабар 24, Әзербайжан, Баку