Боливияда су тасқынынан 13 адам қайтыс болды

Боливияда су тасқынынан 13 адам қайтыс болды
smotrim.ru

Боливияда толассыз жауған жауын су тасқынына ұласып, салдарынан 13 адам қайтыс болды. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Хуан Карлос Кальвимонтес хабарлады.

«400-ден астам үйге зиян келсе, соның ішінде 80-ін қалыпқа келтіру мүмкін емес. Қазірдің өзінде 13 адамның көз жұмғаны туралы ақпарат бар», – деді ол Bolivia tv эфиріндегі сұхбатында.

Министр орынбасары нөсер жауыннан елдегі тоғыз департаменттің жетеуі зардап шеккенін мәлімдеді. «Санта-Крус департаментінде жағдай өте күрделі», – дегенді қосты ол.

Ал 1000 шақты отбасы су тасқынының зардабын көріп отыр. Бірқатар елді мекенде эвакуация жұмыстары жүріп жатыр. «Қазір шығын көлемі есептелуде», – деді ол.