Санта-Клаус VS Ежишек: Чехиядағы бәсекелес

Чехияда Батыс дәстүрінен бас тартып, ұлттық әдет-ғұрыпқа оралу қолға алына бастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Осы орайда мұнда жаңа жыл алдында қызық бір бейнеролик жарық көрді. Онда елге келмек болған Санта-Клаусқа талай сынақтан өтуге тура келді. Жалпы Чехияда жаңажылдық сыйлықтарды тарататын өз ұлттық кейіпкері Ежишек бар.

Чехия әскері батыс дәстүрімен күресуге үндеуді бұйрық ретінде қабылдаған секілді. Жаңа жыл алдында жариялаған бейнеролигінде әуеден қорғану күштері бұғылар жегілген шанамен келе жатқан Санта-Клаусты Чехияға жіберген жоқ. Басшылық жойғыш ұшақтарды әуеге көтеріп, шананы қағып түсіруге бұйырды. Өйткені Чехияда сыйлықтарды Ежишек таратады және оған бәсекелестердің қажеті жоқ екен.  

Бұл бейне жұрт арасында тез тарап кетті. Алайда арасында қарияны осылай қарсы алғанын жақтырмағандар да табылды. Өз кезегінде жол полициясы ролик түсірді. Онда Санта-Клаус ақыры Чехияға жетіп, бірден жол апатына түседі. Тәртіп сақшылары оны құтқарып, дорбасында қалған соңғы сыйлығын жеткізуге көмектесті. Бұл үшін полицияға тікұшақ, қарда жүретін көлік, сүңгуіршілер мен иісшіл итті жұмылдыруға тура келді.

Мартин Сакик, Прага полициясы бастығының орынбасары:

– Чехияда сыйлықтарды Санта-Клаус емес, Ежишек әкелетінін білеміз, Санта Додж челленджермен жүрмейтінін, шанаға мініп ұшатынын да білеміз. Жай заттарға өзге қырынан қарап, кемшілігін іздемей, игі тұстарын табуға шақырамыз. Жақсылық жасаған адамға ол қайтады. Біз полицейлер мұны жақсы білеміз.

Күштік құрылымдар өзара жарысып, алғаш рет мерекелік роликтер түсірді. Оны жасаған офицерлердің айтуынша, осы өнерімен түрлі мамандық иелерін біріктіргісі келгенін айтады.

Александр Грэс, Павол Демитра