АҚШ-тағы қазіргі эпидахуал 2020 жылғыдан өзгеше болып тұр

АҚШ-тағы қазіргі эпидахуал 2020 жылғыдан өзгеше болып тұр

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, билік індетпен күреске әскери дәрігерлерді жұмылдыруға мәжбүр. Президент Джо Байден келесі аптадан бастап елдің түкпір-түкпіріне жүздеген маман көмекке жіберілетінін мәлімдеді. Себебі ауруханалардағы қызметкерлердің дені дертке шалдыққан. Үкімет үй жағдайында қолданылатын экспресс-тест пен бетпердені тегін таратуды ұлғайтуды қолға алды. Ал ресми дерекке қарағанда дүние жүзінде әрбүр үшінші вирусты жұқтырушы осы елдің азаматы болып отыр. 

Шериф Эльнахал, университеттік аурухананың басшысы:

- Қазір жағдай 2020 жылғыдан өзгеше. Бірақ омикронның қаншалықты жұқпалы екенін ауруханамыздағы жағдайдан байқауға болады. Індеттің өршуінен қызметкерлеріміздің қатары сиреп, қиындыққа тап болып жатырмыз. Пандемияның алғашқы жылында әскерилер көмектесіп еді. Сол сияқты жуық арада тағы 80 әскери дәрігер көмекке келмек. 

Омикронның таралу жылдамдығы артты

Үндістанда да омикрон күш алды. Биыл жыл басынан елде коронавирусты жұқтырғандар саны 8 есе артқан. Соңғы бір тәулікте коронавирусты 265 мыңға жуық адам жұқтырған. Мамандар бұл өткен аймен салыстырғанда ондаған есе артық деп отыр. Бірақ індеттің өршуіне қарамастан елде басты діни мерекенің бірі - Макар Санкрати мейрамы атап өтіліп жатыр. Ганг өзеніне діни жоралғылар жасау үшін жүздеген мың адам жиналған. Былтыр дәл осы мерекеден кейін елде індеттің өршуі тіркелген еді.

Судипта Мондаль, инженер:

- Біз індет таралмас үшін сақтық шараларын күшейттік. Әлеуметтік арақашықтықты сақтауға көп мән берілген. Қазір тек 50 адамнан жіберіп жатырмыз. Мінәжат етушілер мен олардың тұрып жатқан жерлерін залалсыздандыру үшін дрон қолданып жатырмыз.

Мексикада ПТР-тест тапсырушылар көбейді

Мексикада да омикрон тез тарап, тестілеу орталықтарында тексерушілер қарасы көбейген. Себебі мейрамхана мен дәмханадан бөлек кәсіпорындар да жұмысшыларынан вакцина мен ПТР-тестке қатысты талапты күшейткен. Салдарынан елде тест жетіспей, ауруханалар мен тестілеу орындарында қиындық туындаған.

Эрвин Арейзага Урибе, Тихуана қаласы денсаулық сақтау қызметінің өкілі:

- Омикрон аса қауіпті болмағанымен вирусты жұқтырып жатқандар қарасы көп. Бізде ПТР-тест жеткілікті. Бірақ соңғы уақытта тексеруден өтем деушілер көбейді.

Италияда маскаға көп мән беріліп отыр 

Италия билігі індеттің жаңа толқынынан бетпердемен қорғануға көп мән беріп жатыр. Қатаң тәртіп омикронның таралуын тежейді деген үмітте. Билік тіпті Рождество алдында қоғамдық орындарда ЭФ-ЭФ-ПИ 2 деп аталатын арнайы маска тағып жүру керектігі туралы заң қабылдаған. Мұндай бетпердені дүкендермен бірге ұшақ, пойыз, автобустарда тағып жүру міндетті. 

Нино Картабеллотта, GIMBE FOUNDATION ұйымының өкілі:

- Қазір біз вакцина коронавирустан 75 процент қорғайтынын көріп отырмыз. Бірақ 4-айдан бастап оның күші әлсіреуі мүмкін. Сондықтан бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және қолды зарарсыздандырып отыру кеселден қосымша қорғайды. Мысалы зерттеулер бетперде мен әлеуметтік арақашықтық  вирусты жұқтыру қауіпін 50, ал қолды сабынмен жуу 75 процентке азайтатынын көрсетіп отыр.

Камбоджада тұрғындарға төртінші доза салына бастады 

Камбоджада омикроннан қорғану үшін тұрғындарға вакцинаның төртінші дозасы салына бастады. Алдымен халықтың осал топтары мен дәрігерлерді және әскерилерді егуге басымдық берілмек. Қазір елде вирусты жұқтырып жатқандар қарасы көп болмағанымен билік жуық арада дертке шалдыққандар көбейе ме деп алаңдап отыр. Камбоджада тұрғындарды вакциналау науқаны кеш басталғанмен тез қарқын алған. Қазірге дейін бұл елде халықтың 88 проценті вакцина салдырған.

Дәурен Ақашұлы