Халық коронавирусқа қарсы жыл сайын егілуі қажет болады – ғалым

Коронавирус әлемде де қайта өршіді. Еуропа елдері ахуалды тұрақтандыру үшін санитарлық шектеу шараларын қатаңдатып жатыр. Билік вакциналау науқанын да күшейтті. Тәртіпке бағынбағандар қатаң жазаға тартылады. 

Кәрі құрлық елдері біртіндеп міндетті вакциналауға көшпек. Ғалымдардың айтуынша, халық коронавирусқа қарсы жыл сайын егілуі қажет болады. Бельгияда вакцинадан бас тартқандарға қалыпты өмір сүру қиындай түсетін секілді. Мәселен, жұмысқа бару, қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас жасау шектеледі. Атақты бельгиялық вирусолог Питер Пиоттың айтуынша, вакциналау шарасынан кейін коронаиврус пандемиясы «жаңа фазаға» өтті.

Питер Пиот, вирусолог:

– Пандемияның жаңа кезеңі басталады деп ойлаймын. Мәселен, вирус үнемі өзгеріп отырады. Оны біз жақсы білеміз. Омикрон штамы өте жылдам тараса да, оның зардабы өзге штамдарға қарағанда ауыр емес. Бұған қоса жаппай вакциналау шарасының арқасында ұжымдық иммунитет қалыптасты. Қазір өлім-жітім көрсеткіші азайды. Жансақтау бөліміне түскендердің қатары да сиреді. Сондықтан көктем мен жаз мезгілінде жағдай тұрақталады деп ойлаймын. Әрине кез келген уақытта вирустың жаңа штамы қайта шығуы мүмкін.

Франция билігінің қабылдаған шешімі тіпті қатаң. Жаңа заңды ел парламенті мақұлдап үлгерді. Құжатқа сәйкес, вакцинаның екінші дозасы салынғанына 4 ай өтсе, халық міндетті түрде бустерлік доза қабылдау керек. Онсыз вакцина төлқұжаты жарамсыз болып қалады. Птр-тесттің теріс нәтижесі де заңды күшін жойды. Енді 16 жастан асқан кез келген егілмеген азамат қоғамдық көлік, тамақтану орындары, ойын сауық кештеріне кіре алмайды. Жалған сертификат жасап алғандар 1 мың еуро айыппұл төлейді. Ал қолында бірнеше жалған құжаты барлар 75 мың еуро немесе 5 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Арно Фонтане, эпидемиолог:

– Францияның көптеген өңірінде эпидемияның шарықтау шегі аяқталды. Десе де ауруханаға түскен науқастардың саны әлі де артуы мүмкін. Медициналық мекемелердегі қауырт жұмыс ақпан айына дейін созылады.

Ал Грекияда коронавирусқа қарсы екпе салдырудан бас тартқан қарттар айыппұл төлейді. Билік 60-тан асқан азаматтарға осындай талап қойып отыр. Айыппұл мөлшері – 100 еуро. Ел билігі бұл егде жастағы адамдарды індеттен қорғаудың амалы дейді. Себебі ресми статистикаға сәйкес, ковидтен көз жұматындардың көбі - 60-тан асқандар. Грекиядағы қарттардың 90 проценті екпе салдырған. Қалған 10 проценті оған қарсы.

Гиоргос Дракос, зейнеткер:

– Індет қайта өршіп кете ме деп алаңдаймын. Үш дозаның барлығын қабылдадым. Денсаулығымды тексеру үшін қайта келдім. Қауіпсіздік үшін барлық шараларды қолға алу керек. Өйткені үйде немерелерім бар.

Әлем елдері екпенің үшінші дозасын қабылдап жатса, Израиль ғалымдары вакцинаның 4-ші дозасын зерттеуге кірісті. Жүргізген жұмыстардың нәтижесі бойынша 4-ші екпеден антиденелердің көлемі артқанмен бұл Омикрон штамына төтеп бере алмайды. Қазір мамандар Файзер мен Модерна препараттарын жіті тексеріп жатыр.