Ыстықкөл тартылып барады

Қырғызстанның танымал туристік бағыты саналатын Ыстықкөл тартылып барады. Жергілікті халық үшін бұл үлкен қауіп. Егер көлдің тартылуы жақын арада тоқтамаса не болады? 

Ыстықкөл тартылып барады. Осы уақытқа дейін су айдынының деңгейі жағалаудан 10-15 метрге алшақтап кеткен. Көлдің тартылып жатқанын айлақ пен жағажайлардан анық көруге болады. Ыстықкөл суының төмендегенін қысқы маусымда демалуға келген туристер де айтады.

Руслан Будкеев, демалушы:

- Жағажайға енді келіп тұрмыз. Пирстерден-ақ су деңгейінің дәл мына жерде шамамен бір метрге түскенін көруге болады. Пирстің кей жерлері әбден кеуіп, зең басқаны байқалады.

Суалып бара жатқан Ыстықкөлдің суреттері қазір әлеуметтік желілерде көптеп тарап жатыр. Бәрін алаңдататын бір-ақ нәрсе – көл суы не себепті азайып барады? Одан келер қауіп қандай?

Ғалымдардың айтуынша, оның бір емес, бірнеше себебі бар көрінеді. Біріншіден, көлге құятын өзен суларының мөлшері азайып кеткен. Тағы бір себеп – қуаңшылық. Осыған байланысты судың азабын тартқан шаруалар егістікке шамадан тыс су алуға мәжбүр болған. Десе де, жергілікті жұрт көлдің тартылуынан ешқандай қиындық көріп отырғаны жоқ.

Бакас Мурзаев, жергілікті тұрғын:

- Маусым келгенде көлдегі су деңгейі қайтадан қалпына келеді. Әркез солай. Су жағалаудан алшақтап кейін қайтіп өз деңгейіне оралады. Бұл экология, табиғи құбылыс қой. Сондықтан маусым келісімен су көлемі қайта артады. Өйткені қар мен мұздықтар еріп, көлге құя бастайды. 

Қалай болғанда да ғалымдар Ыстықкөлдің бұрынғы қалпына келуі үшін бір маусымның жеткіліксіз екенін айтады. Ол үшін бір емес бірнеше жыл қажет.

Бакыт Чермашев