Вашингтон мен Брюссель Мәскеуге жауап берді

Вашингтон мен Брюссель Мәскеуге жауап берді

Вашингтон Мәскеудің еуропалық қауіпсіздікке қатысты ұсынысына жазбаша түрде жауап жіберді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бірақ АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресеймен келіссөз жүргізуге мүмкіндік болу үшін хаттың мазмұнын жария етпейтінін жеткізді. АҚШ-пен бірге Мәскеуге НАТО да жауап берді.

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Мәскеу Брюссель мен Вашингтонға қауіпсіздік кепілдігі туралы құжаттардың жобасын ұсынған. Онда Ресей НАТО-ны бұрынғы кеңес одағы елдерімен әскери ынтымақтастықты тоқтатып, олардың аумағында база құрудан бас тартуға шақырған. Сонымен қатар Еуропадан америкалық ядролық қаруды алып кетіп, альянстың шығысқа қарай көз салмауына кепілдік беруін талап еткен еді.

Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

– Біздің Ресейге жауабымыз өткен аптада Киевте, Берлинде және Женевада жасалған мәлімдемелерді қамтиды. Біз диалогқа ашықпыз. Ынтымақтасық орнату мүмкіндігі бар жерлерде келіссөз арқылы бірлесіп әркет етуге дайынбыз. Жауапты Украина және өзге де әріптестерімізбен келісе отырып жасадық.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

– Еуропалық қауіпсіздік принциптері бойынша Ресейдің ұсыныстарын қарастырып, келіссөз жүргізуге дайынбыз. НАТО – бұл қорғаныс одағы. Біз ешқандай текетірес пен қақтығысқа талпынбаймыз. Бірақ НАТО мен Еуропа және Солтүстік Американың қауіпсіздік принциптеріне келгенде ешқандай қол сұғушылыққа жол бермейміз. Біз өз одақтастармызды қорғау үшін барлық шараларды қолға алатын боламыз.