Румынияда матадан тігілген маска тағуға тыйым салынды

Румынияда коронавирус жұқтыру бойынша күнде антирекорд тіркеліп жатыр. Әсіресе омикрон штамының таралу қарқыны қатты. Билік шұғыл әрекет етіп, әлеуметтік және эпидемиологиялық ережелер енгізуде. Осының алдында ғана балаларды вакциналау науқаны басталған болатын. Бұл  мақсатта 250 екпе егу нысаны ашылды. Соңғы ереже бойынша матадан жасалған бетпердеге тыйым салынды.

Осыдан тура бір жыл бұрын румыниялық телеарнаға Тодор Пеонидің компаниясы туралы сюжет шығып, оны Бухаресттің құтқарушысы деп атаған болатын. Бизнесмен тиімді бетперде өндірісін коммерциялық тұрғыда алғаш рет қолға алғаны үшін абыройға ие болған еді. Енді оның кәсіпорыны банкротқа ұшырауы мүмкін. Себебі жаңа ереже бойынша маталы бетпердеге тыйым салынып, 5 жастан асқан тұрғындар медициналық маска ғана тағуы тиіс. Ережені бірінші рет бұзғандарға 570, екінші қайталаса, 1 мыңнан астам доллар айыппұл салынады. Бір ғана Бухарестте осындай 30 шеберхана бар. 

Тодор Пеони, кәсіпкер:

- Негізі маталы масканың ерекшелігі көп. Біз оларды арнайы ерітіндімен зарарсыздандырамыз. Бірақ енді бұларға тыйым салынып жатыр. Алайда шенеуніктер ақылға келіп, шешімін өзгертер деген үміттемін. Шеберханамда 8 адам жұмыс істейді. Олардың тағдыры не болмақ.

Бірақ шенеуніктердің бұл ережені өзгерте қоюы екіталай. Өйткені олар маталы бетпердені тиімсіз деп санайды. Тағы бір шара: 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға вакцина салына бастады. Әзірге виртуалды тіркеу орнына 4 мың өтініш түскен.

Овидиу Жигул, Бухаресттің аудандық вакциналау орталығының басшысы, бала дәрігері:

- Басында біз 200 вакциналау нысанын ашқан болатынбыз. Бірақ Румыния тұрғындарының коронавирусқа қарсы екпеге деген сенімі өте төмен. Тіпті ересектердің арасында бұл көрсеткіш 50 процентке де жетпейді. Сондықтан адамдар алысқа бармай жақын маңнан вакцина салдыру үшін екпе орталықтарын барлық жерден ашуға тырысып жатырмыз. Десе де, әзірге қызығушылық төмен.

Вакциналау нысандары мектептен де ашылып жатыр. Жасы 11-ден асқан жеткіншектер үшін екпе салдыру міндетті болуы мүмкін. Тиісті заң жобасы қазір парламентте талқылану үстінде. Соңғы мәлімет бойынша Румыния індет жұқтыру деңгейі бойынша Чехияны басып озып, бірінші орынға шыққан.

Ернат Қашқынов, Алиса Флореску