Қырғыз-тәжік шекарасында шиеленіс қаупі сейілген жоқ

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекарада жағдай біршама тұрақталғанымен шиеленіс қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Қырғызстан арнайы қызметінің басшылығы шекара толық межеленбейінше болашақта осындай қақтығыстар қайталануы бек мүмкін дейді. Ал шекаралық аймақ тұрғындары бұл шараны тездетуді талап етіп отыр.

27 қаңтарда екі ел арасындағы шекарада жағдай қайта ушықты. Бұл жолы шиеленіске Тәжікстан аумағын Ворух анклавымен байланыстыратын жол себеп болған. Қарулы қақтығыстан кейін екі елдің басшылығы келіссөздер өткізді. Шекараны толық межелегенге дейін «Ходжаи Ало – Ворух» автожолын салу шешілді. Қырғыздың Қапшығай елді мекенінің шығыс шетінен өтетін жолды қос тарап бірлесіп салатын болды. Ал Тәжікстан оны пайдаланып, бабында ұстайды.

Камчыбек Ташиев, Қырғызстан МҰҚК төрағасы:

- Шекарадағы жағдай тұрақталғанымен шиеленіс қаупі әлі де сейілген жоқ. Осы аймақта өзара кінәрат-талаптарды ретемегенше, осындай жанжалдар үнемі болып тұрады. Мұнда халық тығыз қоныстанған, бір-біріне жақын орналасқан даулы жер көп. Бүгінде жағдайды толығымен күштік құрылымдар бақылап отыр. Олар шекаралық елді мекендерде үнемі кезекшілік етіп жүр.

Шекаралық аймаққа тұрақсыздық кесірінен инвестиция тарту да қиын. Былтыр Баткен облысы жеңілдіктер мен преференцияларға жол ашқан ерекше мәртебеге ие болған. Алайда осы өңірден сайланған парламент депутатынынң мәлімдеуінше, қабылданған шаралар жеткіліксіз болып тұр.

Нұрлан Ражабалиев, Қырғызстан парламентінің депутаты:

- Жұрт мемлекеттік шекарада тезірек сым тартуды сұрап отыр. Сонда шекара нақты қайда өтіп жатқаны түсінікті болар еді. Сондай-ақ екі ауылымыз Тәжікстаннан басталатын каналдан су алып жатыр. Оны жауып тастаса, шаруалар астықсыз қалады. Сондай-ақ тұрғындар тәжік аумағын айналып өтетін жолдарды салуды сұрап отыр. Сонда жанжал азаяды. 

Қазіргі кезде 970 шақырымға созылған қос ел шекарасының 519 шақырымы межеленген. Былтыр қазан айында бірлескен жұмыс тобы тағы да 90 шақырымын нақтылады. Дау туғызған әр жер телімі бойынша жеке келісім қажет. Сондықтан коммисия жұмысы баяу өтіп жатыр. Өйткені бұл телімдер бойынша екі тарап жиі ортақ пікірге келе алмай қалады.

Бақыт Чермашев