Мароккода құдыққа құлаған бала көз жұмды

Марокконың солтүстігіндегі ауылда құдыққа құлап кеткен баланың дәм-тұзы таусылды.

Құтқарушылар сәбиді 5-күні құдықтан сыртқа алып шыққанымен ол ауруханада жан тапсырды. Бала құлаған құдықтың тереңдігі 32 метр, ал диаметрі небәрі 45 сантиметр болған. Сондықтан оған ересектер сыймады. Бұдан басқа бұл аймақтың топырағы сусымалы. Оның үстіне бала құлаған аумақта үлкен жырық пайда болған. Осы факторлар құтқару операциясына кедергі жасады. Мамандар құдыққа жанама түрде үлкен шұңқыр қазып жеткен.

Дәрігерлердің мәлімдеуінше, баланың ажалы ұзақ уақыт жер астында жатуы мен құлағанда басынан алған жарақатынан болған болуы керек. Марқұмға ауыз су, тамақ және оттегі баллоны жіберілген еді. Құтқару ісі әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, баланың тағдырын бүкіл әлем қадағалап отырды.