Зеленский шенеуніктер мен кәсіпкерлердің елге оралуын сұрады

Украина Президенті Владимир Зеленский халқына видеоүндеу жасап, бұдан былай 16 ақпан Украинаның мемлекеттік мерекесі «бірлік күні» болатынын атап өтті.

Орайы келгенде жуырда елден кеткен шенеуніктер мен саясаткерлерді және кәсіпкерлерді қайта оралуға шақырды. Бұл үшін оларға бір тәулік уақыт берілді. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ пен Ұлыбритания және батыс мемлекеттері өз азаматтарына Украинадан кетуге кеңес бергенін жарыса жазып жатты. Бұл ретте Зеленский Украинаны «үлкен соғыс болады» деп қорқытқанын мәлімдеді.

«Алайда бүгінде еліміз бұрынғыдан да қуатты. Киев бейбіт өмірді қалайды және барлық мәселе келісім арқылы шешіледі. Өзгенің меншігіне қол сұқпайды, өзінікін де бермейді» деп кесіп айтты.

Айтуынша, Крым мен Донбасс Украинаның аймағына қайта қосылады. Бірақ бұл мәселе дипломатиялық жолмен шешіледі. Бірақ Ақ үй Ресей кез келген уақытта Украинаға шабуыл жасауы мүмкін деп ескертіп отыр. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Елді тастап кеткен және алдағы уақытта шетелге кетуді көздеп жүрген барлық жоғары лауазымды қызметкерлер мен депутаттарға айтарым бар. Украина халқы мемлекетті басқару мен қорғауды сіздерге тапсырды. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болу сіздердің тікелей міндеттеріңіз. Сондықтан сіздерді бір тәулік ішінде елге оралып, халықпен бірге болуға шақырамын.