Құрама Штаттар карантин шектеулерін алып тастап жатыр

Құрама Штаттар карантин шектеулерін алып тастап жатыр

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша АҚШ-тың барлық 50 штатында ковидпен ауырғандардың саны азайып келеді. Орташа есеппен қауіпті індетті тәулігіне 175 мың адам жұқтырады екен. Ал қаңтардың басында бұл дерек 800 мыңға жеткен еді. Осы орайда, негізінен демократтар басқаратын бірнеше штат басшысы ковид шектеулерін жұмсартуды бастап, американдықтардың қалыпты өмірге оралатын кезі жетті деп мәлімдеді. Алайда кейбір мамандар арқаны кеңге салу әлі ерте деп отыр.

Талғат Алманов, тілші:

- Америка Құрама Штаттарында ковид шектеулері бірте-бірте алынып жатыр. Осы уақытқа дейін East Coast-тен West Coast-қа дейінгі 14 штаттың губернаторы маска тағу режимінің күші жойылатынын мәлімдеді. Демек, мейрамханаларға, фитнес орталықтарға, сауда кешендеріне немесе оқу орындарынан басқа кез-келген ғимаратқа кірерде маска тағу бұрынғыдай талап етілмейді, ковид вакцинаңыз болса әрине. Біз тұрған Нью-Йорк те солардың қатарында және штат губернаторы Кэти Хокул 7 наурыздан бастап мектеп оқушылары да сабаққа маскасыз бара алатынын мәлімдеді. Алайда американдықтардың басым бөлігі маска тағу ережесін әлі де сақтау керек деп есептейді.

Нью-Йорк тұрғыны:

 - Әр адамның не істесе де өз еркі бар. Бірақ мен маска тағуды жалғастыра бермекпін. Себебі билік басындағылардың масканы тақпай-ақ қоюларыңа болады дегенімен ковид ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Індет әлі де арамызда жүр. Сол себепті осындай хабарланыдыруға бола адамдардың масканы шешіп тастап, емін-еркін жүруі дұрыс деп есептемеймін. Әсіресе метро мен өзге де қоғамдық жерлерде маска тағу маңызды.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары да америкалықтарға маска тағудың қажеттілігін қайта-қайта ескертіп отыр. Президент Байденнің өзі губернаторлардың мұндай шешімін, яғни маска тақпауға рұқсат беруін асығыс қабылданған шешім деп бағалады. Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Дженнифер Псаки болса, қандай да бір штатта ковид шектеулері алынып тасталған болса да, бетперде тағуды жалғастыру керектігін баса айтты.

Дженнифер Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

 - Американдықтарға айтарым, дәрігерлердің айтқанына құлақ түріңіздер. Білемін, халық үнемі маска тағу мен ковид ережелерін сақтаудан шаршады. Бірақ біз ғылымға сүйеніп барып, шешім қабылдауымыз керек. 

Эпидемиологтардың айтуынша, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Өйткені қазіргі эпидахуалдың жақсарып келе жатқандығы алдамшы болуы мүмкін. Олай дейтініміз, ковидті жұқтырғандардың саны азайғанымен індеттен қайтыс болып, ауруханаға түсіп жатқандардың қатары айтарлықтай сиреген жоқ. Олардың айтуынша, күннің жылынуы да індеттің өршуіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан сақтық шараларын қаперден шығармауға шақырады.

Талғат Алманов