Украинада соғыс өрті тұтануы мүмкін бе?

Украинада соғыс өрті тұтануы мүмкін бе?

Украина төңірегіндегі ахуал күн өткен сайын ушығып барады. Соғыс оты кез келген сәтте тұтанып кететіндей. Ресей шекара маңына әскерді үйіп-төксе, НАТО Украина аумағына тонналап қару-жарақ тасымалдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыстың БАҚ өкілдері де қарап отырған жоқ. 16 ақпан күні Ресей Украинаға басып кіретінін хабарлады. Сонымен Украина еліндегі ахуал қазір қандай? Шабуыл бола ма?

Мына бейнежазбаға қарасаң күні ертең соғыс басталатын сияқты. Бұл Ресей мен Беларусьтің бірлесіп өткізіп жатқан ауқымды әскери жаттығуы. Жалпы қазір Ресей Украинаны жан-жақтан қоршауға алған. Шекара маңына мыңдаған сарбазын шоғырландырды. Қарулы күштер Беларусьтен бөлек, Қырымда да, Қара теңізде де жаттығу өткізіп жатыр. Ал мына видеодан украиналық сарбаздардың дайындығын көруге болады. Олар түркияның Байрактары мен танктерді талқандайтын Джавелин қондырғыларын іс жүзінде сынап жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, қазір екі елдің әскері бетпе-бет келді. Мұндайда көршілер бейбітшілікке қалай жетпек, шиеленісті қалай шешпек деген сұрақ туары анық. Себебі Киев пен Батыс елдері Ресейдің Украинаны басып алу әрекетінен қауіптенеді. Алайда Кремль бұл айыптауларды бірнеше рет жоққа шығарған.

Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:

– Ресей әскері тек ел ішінде ғана қозғалып жатыр. Қарулы күштер мен түрлі жасақтардың жылжуы Украина аумағындағы шекарада да байқалады. Олар тіпті өзін-өзі жариялаған республикалардың аумағымен шектесетін аймақтарға шоғырландырылған. Бұл да жағдайды одан сайын ушықтыра түседі.

Украина бейбіт өмірді ғана қалайды және барлық мәселені келісім арқылы шешеді. Украина халқына үндеу жасаған ел президенті кеше осылай деді. Өзгенің меншігіне қол сұқпайтынын, өзінікін бермейтінін де кесіп айтты. Зеленскийдің сөзінше, Қырым мен Донбасс Украинаның аймағына қайта қосылады. Бірақ бұл мәселе тек дипломатиялық жолмен шешімін табуы тиіс.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Елді тастап кеткен және алдағы уақытта шетелге кетуді көздеп жүрген барлық жоғары лауазымды қызметкерлер мен депутаттарға айтарым бар. Украина халқы мемлекетті басқару мен қорғауды сіздерге тапсырды. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болу сіздердің тікелей міндеттеріңіз. Сондықтан сіздерді бір тәулік ішінде елге оралып, халықпен бірге болуға шақырамын.

Қазір төрткүл дүние Украина мен Ресей шекарасындағы шиеленісті ахуалға қатты алаңдаулы. Бұл суық соғыстан кейінгі ең ірі қақтығыс, дейді кей сарапшылар. Ал Ресей билігінің Донецк пен Луганск халық республикаларын мойындауы жағдайды одан бетер қиындата түсуі мүмкін. Бұл мәселе бүгін Мемлекеттік думада қаралады. Бұған қарсы жауап ретінде қазір Украина парламенті  Донецк пен Лугансктың Украинаға тиесілі екенін растайтын жоба әзірлеп жатыр.

Санат Көшкімбаев, саясаттанушы:

– Бір сәтте бәрі бақылаудан шығып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Мәселен, кездейсоқ атылған оқ немесе қандай да бір қақтығыс. Тіпті ешкім күтпеген сценарий де болуы мүмкін.

Қалай болғанда да, батыстың БАҚ өкілдері Ресейдің Украинаға басып кірер күнін жарыса жазып жатыр. Медиа басылымдардың мәліметі бойынша шабуыл ертеңге жоспарланған көрінеді. Алайда Кремль мұның бәрін жоққа шығарып келеді. Соған қарамастан, АҚШ Киевтегі елшілігін Львовқа уақытша көшіретін болды. Канада да елшілігін Киевтен осы қалаға ауыстыру туралы шешім қабылдады.