Украина астанасында қарбалас пен үрей үдей түсті

Ресей Украинаға қарсы әскери қимылдарды бастай салысымен, Киевті тастап кетіп жатқан тұрғындар қарасы көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалада жанар-жағармай бекеттері мен сауда орталықтарында кезек көбейіп, шыға беріс жолдарда кептеліс болды. Киев тұрғындары бүгінгі таңды үреймен қарсы алды. Шаһардың барлық тұсынан естілген әуе дабылы шырт ұйқыда жатқандардың шырқын бұзды. Жарылыстардан қауіптенген тұрғындар қауіпсіз жерге тығылуға тырысты. Бірі – метроны, енді бірі – туннельдерді паналады. Шаһардан бас сауғалаған адамдар да көбейіп, жолдарда кептеліс пайда болған.

Мен әке-шешеме бармақпын. Олар Украинаның орталығында тұрады. Сол жер қауіпсіз деп ойлаймын. Таңсәріде шабуыл басталады деп хабарланған соң 4-ке дейін көз ілмедім. Содан бос сөз болған шығар мызғып кетіп едім әке-шешем телефон шалып соғыс басталғанын айтты.

Әрине қазір жағдай қиын. Біз жеңіске жетіп, бұл қиын сәттер әлі артта қалар деп үміттенемін.

Киев мэрі Виталий Кличко шаһар тұрғындарын сабырлыққа шақырды. Қала басшысы шаһарға кіреберіс жолдарда қорғаныс бекеттері қойылып, біраз қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескертті.

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

– Бүгін Украина ғана емес Еуропа мен әлем үшін де қайғылы күн. Украина қарулы күштері біздің жерімізді ерлікпен қорғап жатыр. Біз қалада барлық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуі үшін бар күшімізді саламыз. Шаһарымызды қорғау үшін барлық шараларды қолға аламыз. Біз жауға тек сабырлықпен бірлесіп қарсы тұра аламыз.

Украинадағы екінші алып шаһар Харьковта да жағдай күрделі. Адамдар үрейге бой алдырып, дүкендерден тұрмысқа қажетті заттарды жаппай сатып ала бастаған. Кей тұрғындар шаһарды тастап кетуге талпынып жатыр.

 Қала тұрғыны:

Бұл сұмдық. Қазіргі жағдайға байланысты басқа не айтуға болады. Балаларды алып қауіпсіз жерге бармақпын.

Ал Львовқа жақын Польшамен арадағы шекарада адам қарасы көп. Мұнда көлікпен бірге жаяу жеткен тұрғындар да жетерлік. Соғыстан бас сауғалағандардың арасынан өзге елдің азаматтарын да кездестіруге болады.

Қала тұрғыны:

Әсіресе түнде қорқынышты. Барлығы бомба, бомба деп айқайлап, артынан өрт шығып жатқанын көрдік. Тіпті шекарадан алыс Украинаның батысы да атқыланып жатыр. Ертең не болары белгісіз, сондықтан шекара асып паналауды шештік.

Студент:

Әрине жабырқап тұрмыз. Бәріміз де бейбітшілік пен тыныштықты қалаймыз. Ешкім соғысқысы келмейді. Адамдар жапа шегіп жатыр. Біз студенттер, елден кетуден басқа амалымыз жоқ.

Орталық Еуропа елдері Украинадағы әскери қимылдардан бас сауғалағандарды қабылдауға дайындалып жатыр. Польша өз шекарасы маңында орталықтар құрса, Венгрия арнайы дәліз ашқан.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Зауреш Думанқызы