Еуроодақ санкциялардың екінші легін қабылдады

Еуроодақ Украина бойынша кезектен тыс саммит өткізіп, Ресейге қарсы санкциялардың екінші легін қабылдады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Біріншіден, маңызды капитал нарықтарына қатысуға тыйым салынды. Бұл Ресейдің банк саласының 70 процентін шектеуге бағытталады. Біздің тыйым мұнай экспортына соққы береді. Осылайша Ресей мұнай өңдеу зауыттарын жаңарта алмай қалады. 2019 жылы мұнай өңдеу саласы Ресейге 24 миллиард еуро кіріс әкелген болатын. Бұл елдің дипломаттары мен бизнесмендері үшін ЕуроОдаққа жол жабылады.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

– Украинаға 1 миллиард 200 миллион еуро макроқаржылық көмек беру келісілді. Жәрдем көлемі көбейе бермек. Франция Украина экономикасы үшін 300 миллион еуро қосымша қолдау көрсетеді. Сондай-ақ біз әскери және басқа техника жеткізу ісін жалғастырамыз.

Саммитке қатысушылар Еуроодақтың экономикалық және жеке адамдарға бағытталған санкциялары Беларусьті де қамтитынын мәлімдеді. Бұдан басқа, ЕуроКеңес ЕуроКомиссияға энергетика саласын шектеу бойынша қосымша шаралар ұсынды.

Жаңа Зеландия да Ресей азаматтарының жүріс-тұрысын шектеп, әскери-қауіпсіздікке арналған тауарлар саудасына тыйым салады.