Ресей делегациясы Украина өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін Беларуське барды

Ресей делегациясы Украина өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін Беларуське келді.

Бұл туралы Владимир Путиннің баспасөз хатшысы хабарлады.

Дмитрий Песковтың айтуынша, делегация құрамында Сыртқы істер, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен өзге де ведомстволар және Президент әкімшілігінің өкілдері бар. Украина тарапы келіссөздер жүргізуге әзір екенін жеткізді. Алайда Владимир Зеленский басқосуды өткізетін алаң ретінде Беларусьтің таңдалуына қарсы. Өйткені бұл елдің аумағынан Украинаға зымырандар ұшырылады дейді. Сондықтан Владимир Зеленский келіссөзді өзге елде өткізуді ұсынып отыр.   

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Бізге бейбітшілік керек. Келіссөздер жүргізгіміз келеді. Соғыстың аяқталғанын қалаймыз. Ресей жағына келіссөздер жүргізу үшін Варшава, Братислава, Будапешт, Стамбул, Баку секілді орындарды ұсындық. Өз аумағынан Украинаға зымыран ұшырмайтын кез келген қалада кездесуге дайынбыз. Тек сол кезде ғана келіссөздер әділ болуы мүмкін.