Әскери операция халықаралық құқыққа қайшы – Р.Ердоған

Әскери операция халықаралық құқыққа қайшы – Р.Ердоған
TRT

Зеленский Ресеймен келіссөздер жүргізу үшін төрт қаланы ұсынды. Олардың басында Ыстамбұл тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс күшейе бастаған сәттен бастап Түркия араағайындық танытып келеді. Ал ресми Киев Анкарадан Босфор және Дарданелл бұғаздарын жабуды сұрап отыр. Оған нақты жауап әзірге айтыла қоймады. Украинада 20 мыңнан астам түрік азаматы бар. Оның 4-5 мыңы қақтығыс басталмай тұрып елге оралған. Сыртқы істер министрлігінің сөзінше, 16 мыңдай азаматты құрлық жолымен эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркия, Ресей және Украинамен көршілес. Екі мемлекетпен барлық салада тығыз ынтымақтастықта. Сондықтан мәселенің түйінін о бастан дипломатиялық келіссөздер арқылы тарқатпақ ниетте. Президент Режеп Тайып Ердоған мен министрлер кабинеті мүшелері де қос елдегі әріптестерімен тығыз байланыста болып, тараптарды мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып отыр. Оның соңғысы күні кеше Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі айтты.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Илхам Әлиев пен Ердоған Ресеймен келіссөздер ұйымдастыруды ұсынды. Біз мұны оң қабылдаймыз.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Украинадағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған алғашқы көшбасшылардың бірі болды. Тіпті мемлекет басшысы Африкаға жасаған сапарын тоқтатып, шұғыл түрде елге оралды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Ресейдің Украинаға жасаған әскери операциясы қабылданбайтын жағдай. Халықаралық құқыққа қайшы келетін бұл әрекет аймақтың бейбітшілігіне, тыныштығы мен тұрақтылығына ауыр соққы болып отыр. Түркияның Украинаның аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған күресіне қолдау көрсететінін жаңа ғана Владимир Зеленскийге де жеткіздім. Терең байланысымыз және достық қатынасымыз бар Ресей мен Украина арасындағы мәселені Минск келісімі аясында диалогпен шешілуін қалайтынымызды қайталаймыз. Мұны кеше президент Путинге де жеткіздім.

Десе де ресми Анкара қос тараппен де теңгерімді саясат ұстанып отыр. Өйткені энергетикадан бастап дәнді дақылдың басым бөлігін осы елдерден импорттайды. Бір ғана туризм саласында Ресей мен Украина елге саяхаттап келушілердің алғашқы үштігін бастап тұр. Былтыр Ресейден 4 миллион 555 мың, Украинадан 2 миллион 18 мың 812 турист келген.  

Оғузхан Ақйенер, Түркия энергетикалық стратегиялар және саясатты зерттеу орталығы басшысы:

– Ресей мен Украина арасында қақтығыс жалғасып жатыр. Мұның әлем, өңір, соның ішінде Түркияның нарығына кері әсер ететіні анық. Доллардың қымбаттауы бұған дәлел. Дегенмен сұраныс пен ұсынысқа әсер етпейді. Себебі біз табиғи газды Украина арқылы емес «Түрік ағымы», «Көк ағым» дәлізімен тікелей Ресейден аламыз. Баға қымбаттауы мүмкін. Бірақ күннің жылуымен әсер ете қоймайды. Ал бидайды өсіру барысында тыңайтқыштар мен энергияның қымбаттауына байланысты бағасы өсуі мүмкін.

Ресми Киев Украинадағы қақтығыс басталған күннен бері Анкарадан Босфор және Дарданелл бұғаздарын жабуды талап етіп отыр.

Василь Боднар, Украинаның Түркиядағы елшісі:

– Ресми Анкараның Ресей үшін әуе кеңістігін Босфор және Дарданелл бұғаздарын жабуға шақырамыз. Түрік тарапына тиісті талабымызды жеткіздік. Сонымен бірге біз Ресейге қарсы санкциялар енгізуді қалаймыз. Әсіресе Ресейлік бизнес акционерлерінің Түркиядағы акцияларын тәркілеуді талап етеміз.

Бұл талапқа Түркия тарапы ресми түрде жауап берген жоқ. Украинадағы жағдай елдегі жанармай бағасының күрт қымбаттауына алып келді. Бензиннің бір литрі 506-дан 560 теңгеге, дизель отыны 517-ден 568 теңгеге бір-ақ шықты.  

Авторы: Меруерт Қанағат