Украина жерінде тұрған қазақстандық жүк көліктердің он бірі Ақтөбеге оралуы тиіс

Әскери қақтығыс болып жатқан Украинада 50-ден астам қазақстандық жүк көлігі қалып қойғанын айттық.

Олар бейнеүндеу жолдап, елден көмек сұрап отыр. Автотұрақтарда тұрғандардың арасында Ақтөбеге оралуы тиіс он бір жүк көлігі бар. Бұл туралы облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері хабарлады. Көбі Киев, Харьков, Днепр және Львов қалалары маңында тұрып қалған. Олар көліктерін тастап, өздері кете алмайды. Себебі, компаниямен арадағы келісім шарт бұзылмауы тиіс. Ақтөбелік көліктердің тоғызына тауар тиелгені белгілі болды. Қалғаны бос. Сондықтан жүргізушілер мемлекеттен көмек күтетіндерін айтып, арнайы «дәліз» ұйымдастыруды сұрайды.

Роман Бушуев, көлік жүргізушісі:

- Днипро қаласы маңындағы тұрақтамын. Бұл жерде Қазақстаннан келген он көлік тұр. Не істерімізді білмейміз. Ресейге немесе Белорусь аумағына өтуіміз керек. Мемлекетімізден осы жағын ұйымдастыруды сұраймыз.

Руслан Күйшінов, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Біздің ұлттық палата қазір тиісті жұмыстарды қолға алды. Оның ішінде еліміздің сыртқы істер министрлігіне де хат жолдады. Енді таяу арада жауап болатын шығар.