В.Зеленский: Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болмауы керек

Украинаның президенті Владимир Зеленский Ресейді келіссөздер жүріп жатқан маңызды кезеңде зеңбірекпен атқылады деп айыптады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше Беларусь аумағында 2 елдің делегациялары кездесіп, келіссөздердің бірінші кезеңін өткізіп, алдағы уақытта одан әрі жалғастыруға уағдаласқан болатын. Украинаның Қорғаныс министрлігі осы кезеңде солтүстік-шығыстағы Ахтырка қаласы шабуылға ұшырады деп, сөзін айғақтайтын кадрлар жариялады. Елдің Төтенше жағдай министрлігіне сілтеме жасаған «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, атылған зымырандар салдарынан 6 адам ажал құшып, бірнеше кісі жарақат алған.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Бейбіт тұрғындарға қарсы әскери қылмыстар жасайтын мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болуға лайықты емес. Мұндай мемлекетке әлем бойынша кез келген айлаққа, каналдар мен әуежайларға кіруге тиым салу керек. Мұндай мемлекет энергия ресурстарын экспорттау үшін жүздеген миллиард алмауға тиіс. Қазір Ресей тауарларын сатып алу адамдарды өлтіру үшін ақша төлегенмен бірдей. Келіссөз процесі кезінде оқ ату арқылы Ресей бізге қысым жасағысы келеді. Бұған уақыт жұмсап әуре болмаңыздар. Бізге мұндай тактика жүрмейді.