Президент Зеленский Мәскеуді тағы келіссөзге шақырды

Владимир Зеленский ресми Мәскеуді тағы да бейбіт келіссөздер жүргізуге шақырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша Украина Ресей тарапын үнемі бейбітшілік пен қауіпсіздік туралы әділ келіссөз жүргізуді ұсынып келеді. Зеленский, сондай-ақ Ресей әскері жасыл дәліздер арқылы гуманитарлық жүктердің жеткізілуіне кедергі келтіріп отырғанын айтады. Дерекке қарағанда бұл дәліздер арқылы қазірге дейін 180 мың бейбіт тұрғын эвакуацияланған. Киев пен Мәскеу бұған дейін бірнеше бейбіт келіссөз жүргізген. Бірақ олар нәтижесіз аяқталды.

Владимир Зеленский , Украина президенті:

– Ресей үшін өзінің қателіктерін түзетудің жалғыз мүмкіндігі – бейбітшілік пен қауіпсіздік туралы әділ келіссөз жүргізу. Біз мәселені үнемі бейбіт жолмен шешуге шақырып келдік. Осы тұста барлығына, әсіресе, Мәскеуге айтарым келіссөз жүргізетін уақыт жетті. Украинаның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру керек. Әйтпесе, Ресей орасан  шығынға ұшырай береді.