Украинада химиялық шабуыл бола ма?

Украинада химиялық шабуыл бола ма? Оны кім ұйымдастыруы мүмкін? БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі осы жайтты талқыға салды.

Мәселені Сумы қаласында аммиактың таралуына байланысты Ресей тарапы көтерген. Олардың айтуынша, мұны Украинаның ұлтшыл жасақтары қасақана ұйыдастырған. Бұлар алдағы уақытта өз бақылауындағы аудандарда химиялық қару арқылы арандатушылық жасауды жоспарлап отыр, дейді Ресей тарапы. Алайда АҚШ пен Ұлыбританияның бұған сенгісі жоқ. Қайта айыптаулар еш негізсіз, керісінше Ресейдің өзі осындай қару қолдануы әбден мүмкін дейді.  

Дмитрий Полянский, ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің орынбасары: 

- Ресей Федерациясының қарулы күштері ешқашан улы заттар сақталатын немесе шығаратын нысандарға шабуыл жоспарлап, жүзеге асырған емес. Біз жақында Сумы қаласы мен өзге де мекендерде украиналық ұлтшылдар ұйымдастырған арандатушылықтарға алаңдап отырмыз. Киев режимінің Биологиялық қару туралы конвенцияны елемей АҚШ-тың көмегімен әскери-биологиялық бағдарлама жүргізіп, ядролық қару жасауға ұмтылысына қарағанда олар өз халқын қорқытып, Ресейді айыптау үшін ешнәрседен тайынбайды. 

Томас Линда-Гринфилд, АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Мен Ресей тұрақты өкілі орынбасарының күлкілі айыптауларына былай деп айтқым келеді. Сіздердің бәріңіз күн сайын Украинада не болып жатқанын білесіздер. Ауруханаларға шабуылдар мен бейбіт тұрғындардың қазасы туралы күн сайын айтылып жатыр. Алайда Ресей мұның барлығын жоққа шығарып келеді. Ресей Украина тағы да химиялық қару қолдануды жоспарлап отыр дейді. Олар бұған дейін үш рет осылай мәлімдеген. Осы себепті біз бұл Ресейдің өзі химиялық қару қолданғалы отырғанын байқата ма деп алаңдап отырмыз. Сондықтан дүние жүзі жағдайды түсіну үшін күш салуымыз қажет. 

ПЕНТАГОН: УКРАИНА ҚАРСЫ ШАБУЫЛҒА КӨШТІ

АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Украина қарулы күштері қарсы шабуылға көше бастады деп жариялады. Бұл туралы Пентагоннның ресми өкілі Джон Кирби мәлімдеді. Оның айтуынша, мұны әсіресе елдің оңтүстігіндегі украиналық жасақтардың қимылдарынан көруге болады. Ал Киев пен өзге де ірі қалаларды басып алуға күші жетпеген Ресей әскері украиналық күштерді әлсірету үшін елді мекендерді атқылауға көшкен. Бұдан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, орасан зор шығынға ұшырап жатыр дейді.