Украина шекарасында тексеріс күшейді

Қазір Украина шекара қызметі елге келген азаматтардың телефонын мұқият тексереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аида Қыдырбай, тілші:

– Олармен жеке сөйлесіп, елге кіргізу керек пе, жоқ па соны шешеді. Мен хабар 24 арнасының украинадағы тілшісімін. Осы елде 2013 жылдан бері тұрамын, Қазақстандық паспортымды ауыстырған жоқпын. ТЖТ құжатым бар, яғни тұрақты тұрғылықты жер туралы құжат. Мен поляк-украин шекарасындағы «Шегини-Медыка» халықаралық бақылау-өткізу пункті арқылы өз көлігіммен Украинаға оралуым керек еді. Польша тарапы мені тез өткізді, өйткені білесіздер Украинадан шығатын адамдар өте көп, мен сияқты Украинаға бағыт алушылар некен-саяқ. Украина шекарасында бұрын-соңды болмаған тексерісті бастан өткіздім. Қазақстандық паспортымды көргеннен кейін, халықаралық бақылау-өткізу пунктінің қызметкері мені жеке тексеріс бөліміне алып барды. Бірден телефонымды сұрады. Жеке бөлмеде тексеріс жүргізді. Өзін «шекара қызметінің арнайы барлау бөлімінің қызметкерімін», деп таныстырған адам телефонымды алғаннан кейін ондағы екі мыңға жуық фото, бес жүзден астам аудио файл, месседж, әсіресе телеграмм, электрондық почтамды түгел тексерді. «Қазақстан азаматтары Украинадағы соғыс туралы қандай пікірде? Сіз соғыстан кейін Украинаға қайта ораласыз ба? Ресеймен қандай да бір байланысыңыз бар ма? Ресейде тұратын адамдармен араласып тұрасыз ба? Қандай ақпарат оқисыз, соғыс туралы қандай пікірдесіз?» деген сауалдар қойылды. Телефоным толық тексерілгеннен кейін және сұрақ-жауаптан кейін мені Украинаға өткізді. Атап өту керек, олар мені Украинаға өткізбеу туралы шешім қабылдауы да әбден мүмкін еді. Қазіросы елдің Батыс өңіріндемін. Соғыс басталғалы мектеп толығымен жұмысын тоқтатқанымен, онлайн сабақ күнделікті өтеді. Алайда әр жарты сағат сайын дабыл қағылады. Сондықтан оқушыларға сабақты бөліп-жарып оқуға тура келеді.