Санкция салқынынан сақтануды ЕАЭО-дағы әрбір ел ойлап отыр

Еуразиялық экономикалық комиссия доллармен есеп айырысудан бас тартудың қажеттілігін қызу талқылап жатыр. Рубльдің айырбасталмайтындығы ескерілсе және кеден алымының көлемі ресейлік валютаға қайта саналуы керек болса, тараптар валюта айырбасы қандай бағамда болатынын нақты айқындауы керек. Тағы бір шешімін таппай отырған түйткілдің бірі одақ ішіндегі кеден алымын үлестіру мәселесі болып табылады.

Алмас Чукин, экономист:

- Барлық ақша бір қазынаға құйылып, кейін Қазақстан өзін 7 процент үлесін алады деп келісілді. Өйткені шамамен 2015 жылы Қазақстанда 7 процент болған екен. Ал бүгін 7 процент пе жоқ алде 40 процент пе? Ешкім білмейді. Өйткені халықаралық сауданың шырқы бұзылды. 5 елдің екеуі қатаң санкциялардың қыспағында қалды. Олар ешнәрсе импорттамады делік, ал біз кеден төлемінің 90 процентінен астамын беруіміз керек. Ал ортақ қазынада Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Армения да отыр.

Еуразиялық экономикалық одақ барлық саладағы ұлттық нарықтардың өзара тиімді бірлесу процесі. Ресей 2014 жылғы санкциялардан кейін Еуроазиялық интеграцияны Еуроодақ нарығына апаратын баламалы жол деп таныған. Ал енді бестікке бұл бірлестіктің пайдасы бар-жоғын анықтап, ұлттық экономикаға төнген қауіпті таразыға салу мәселесі тұр. Бұған батыстың екі елге салған санкциялары себеп. Бұл аздай ушыққан мәселені шешу механизмі  де тым баяу жүруде дейді сарапшылар.

Дмитрий Журавлев, өңірлік мәселелер жөніндегі институттың бас директоры:

- Басқару жүйесі жылдамдатылмаса, ұйымдастыру мәселесі тым қиындап кетуі мүмкін. Яғни түйткілдің түйіні тарқамауы мүмкін. Біз басқару принциптерін өзгерткіміз келмейді, онда Еуразиялық экономикалық одақтың ғұмыры қысқа болмақ. Ол арқылы ешнәрсе шешілмейді. Әр мемлекет өз бетімен әрекет ететін болады.

Әр бес елдің де экономикалық ерекшелігі бар. Ресейге қарсы қабылданған санкциялардың салқынынан Қырғызстан өзінің сыртқы сауда байланысын әртараптандыруға тура келді. Мәселен, соңғы 7 жыл бойы бұл ел Еуроодақпен саудадағы байланысын үзбей келеді. Қырғыз өнімдері Еуропаға бажсыз саудалануда. Тіпті тауар айналымының ішінде Азия, Таяу Шығыс пен АҚШ та бар. Алайда статистика бойынша Қырғызстанның алыс-берісі Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүзеге асырылады. Әсіресе Ресей мен Қазақстан арасындағы импорт пен экспорт басым.

Муратбек Султанбеков,  саясаттанушы:

- Кез келген мемлекет ықпалдастықсыз дами алмайды. Посткеңестік елдерге оңай емес. Өз еркімен әрекет ету үшін экономикалық тұрғыдан болсын, технология тұрғысынан болсын әлсізбіз. Сондықтан интеграциясыз даму мүмкін емес. Сол себепті әр ел өзінің шағын экономикасымен ірі мемлекетпен қосылып бірлесуге  тырысады. 

Еуразиялық экономикалық одақ үшін Ресей басты сауда серіктесі. Оның ішінде Қазақстанның да. Сондықтан Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы енгізілген санкциялар Одаққа ауыр тиіп отыр. Ауылшаруашылық саласы тұқымдар мен техниканың импортына тәуелді. Мысалы, Одаққа мүше елдер қант қызылшасы, рапс, күнбағыс және жүгерінің тұқымын импорттайды. Қазақстанға Ресей арқылы әкелінетін импорттық тауарларды кіргізу қиындай түсті.  Бұл дәрі-дәрмекке де қатысты. Санкциялардың кері әсерін бәсеңдетіп, дефициттің туындауына жол бермес үшін Еуразиялық экономикалық одақ дәрі-дәрмектің тіркеуін жеңілдетіп, жылдамдатуды қолға алды. 

Георгий Арзуманян, ЕЭО Өндірістік саясаты департаменті басшысының орынбасары:

- Еуразиялық экономикалық Одақтағы фармацевтика саласында бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Соңғы саяси оқиғаларға қатысты экономикалық шектеулерден  туындаған  мәселені шешу  үшін біркелкі кешенді шараларды қолға алу керек. 

Логистика Ресеймен тығыз байланысты болғандықтан Қазақстан экспорты да көп қиындыққа тап болды. Мәселен, Еліміз мұнайдың көп бөлігін Ресей айлақтары арқылы тасымалдайды. Новороссийсктен Еуропаға жеткізілетін Қазақстан шикізаты Каспий магистралды мұнай құбырымен тасымалданады. Онымен жеткізілетін мұнайдың  90 проценті Қазақстан шикізаты. Сондықтан Қазақстан үшін экономикалық шектеулердің кері әсері айтарлықтай сезілмек. Мысалы «Ренессанс капитал» сарапшылары 2022-ші жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 5,3 проценттен 3-4 процентке  түседі деп топшылайды. Сол себепті мемлекеттер шектеулердің ұзаққа созылатынын ескеріп жаңа өндірістік тізбектер құруы тиіс.

Алмас Чукин, экономист:

- Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы қажеті бар ма жоқ па деген сұрақ тұр. Бірақ егер ол негіздемелік келісім болып қалса жай ғана ортақ принциптер туралы келісу қажет. Сауда-саттық қалай жүргізіп, адамдар қалай қозғалатыны анықталу керек. Ал алымдар бұған дейін қолданылғандай нольдік деңгейде қала беруі тиіс. Еркін сауда-саттық жүргіземіз. Бірақ ұлттық мүдделер ескерілген жөн. 

Еуразиялық экономикалық одақ бұл бес экономиканың бірігуі.  Бірақ оның жалпы ішкі өнімінің  90 процентін құрап отырған екі мемлекет қатаң санкциялардың салдарынан бүкіл әлемнен оқшауланып қалды. Сондықтан жаңа экономикалық және геосасяи жағдайда бұл интеграциялық бірлестіктің өміршеңдігі Одаққа мүше елдердің туындаған мәселені тең құқылы жағдайда шешуіне байланысты болмақ.

Дана Нуржан, Шахзод Гамиров