Түркиядағы Украина – Ресей келіссөздері нәтижесін берді ме. LIVE

Түркиядағы Украина – Ресей келіссөздері нәтижесін берді ме. LIVE
Украина.ру

Әлемді алаңдатқан Түкриядағы Украина мен Ресей делегацияларының кездесуін әлемдік БАҚ өкілдері жіті бақылап отыр. Олардың қатарында «Хабар 24» арнасының түсірілім тобы да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнаның меншікті тілшісі Меруерт Қанағат сол ортада болып келіссөздің қалай өткені, ішкі атмосфера туралы баяндады.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Төрткүл дүние көз тіккен келіссөздерді таңғы уақыттан бері экранда көріп тұрғаныңыздай ашық аспан астында бақылып келеміз. Бұл жерге жету де оңайға соққан жоқ. Себебі ауданның қауіпсіздігі едәуір күшейтілді. Сондықтан осы жерге келудің өзі оңай болмады.  Жиын алдында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қос тараппен кездесіп, келіссөздердің нәтижесін көретін кез келгенін, әрбір делегация мүшесіне тарихи жауапкершілік жүктелгенін айтты.

Айта кетерлігі, Ердоған ресми сапармен Өзбекстанға кетті. Дегенмен елдің сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлұ осында қалды. Бұл да жиынның маңызын арттыра түсті.

Долмабахче сарайында өткен бас қосу шамамен 4 сағатқа созылды. Алдымен делегация басшылары 1 сағаттан астам уақыт бойы кездесті. Сосын кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жалғасты. Тараптар жарты сағатта бір үзіліске шығып отырды. Бұл қалыпты үрдіс. Себебі делегация өкілдері орталыққа хабарласып, келіссөздер барысы жөнінде ақпар беріп отыруы тиіс. Жоспарға сәйкес келіссөздер 2 күн бойы жалғасуы тиіс. Дегенмен ертең жиын онлайн форматта өтпек.

Долмабахче келіссөздеріне Роман Абрамовичтің келгенін де байқадық. Батыстың қатаң санкциясына тап болған кәсіпкердің мақсаты да мәселенің түйінін тезірек тарқату болса керек.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Украина делегациясы Қырым мен Севастопольдің мәртебесі туралы 15 жыл бойы екіжақты келіссөздер жүргізуді, осы 15 жыл ішінде Украина мен Ресей Қырым мәселесін шешу барысында қарулы күштерін қолданбауды, Донбасс мәселесін қос ел басшыларының кездесуінде бөлек талқылауды ұсынды. Бастысы Украина келіссөздердің кепілі ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің елдері, АҚШ, Франция, Түркия, Польша, Германия және Израильді таңдады.

Михайл Подоляк, Украина президентінің кеңесшісі:

– Қазір кейбір маңызды мәселелер бойынша қарқынды консультациялар жүргізілуде. Олардың ішінде ең маңыздысы – Украинаның халықаралық қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы келісім. Өйткені бұл келісім арқылы біз соғысты Украинаның есебіне аяқтай аламыз. Екінші өте маңызды мәселе – қордаланып қалған барлық гуманитарлық мәселелерді шешу үшін атысты тоқтату. Олардың барлығына шұғыл шешім қажет. Қазір бұл туралы келіссөздер жүріп жатыр.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Ал Ресей, Киев және Чернигов бағытында әскери белсенділікті күрт қысқарту туралы шешім қабылдағанын, Киевпен келіссөздер практикалық жоспарға өтіп жатқанын мәлімдеді. Делегация басшысы Владимир Мединскийдің айтуынша, келіссөз «конструктивті» өтті. Нақты нәтижелер алдағы уақытта жарияланады.

Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:

– Ресей тарабы Украинаның «келісімшартқа қосуға арналған ұсыныстарын» қарастырып, ол жайында Президент Владимир Путинге жеткізеді. Сөйтіп жақын арада бұл ұсыныстарға қатысты тиісті жауап қайтарылады.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Бүгін таңғы 10:30-да басталған келіссөздер 14:30-да аяқталды. Жиын ертең жалғасын таппақ. Екінші күнгі басқосу онлайн форматта өтеді. Жалпы бұл жиын алдыңғыларға қарағанда нәтижелі өтті деуге әбден болады. Себебі тараптар бұдан кейін келіссөздердің президенттік деңгейде өтетінін меңзеді. Ал Режеп Тайып Ердоған келіссөздер алаңы ретінде Түркияны ұсынып отыр.