Йеменде сегіз жылға созылған соғыс тоқтады

Рамазан айының құрметіне ел билігі мен оның жақтасы Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы және қарсылас оппозициялық хусит тобы бейбіт бітімге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқ атпау келісімі 2 айға дейін күшінде болады. Бұл ұсынысты басында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш жасаған болатын. Бітім аясында хуситтердің бақылауындағы аймақтарға 18 жүк көлігі жанармай жеткізіп тұрады. Сондай-ақ ел астанасы Сана әуежайынан Мысыр мен Иорданияға әуе рейстері ашылады. Сарапшылардың айтуынша, Йемен экономикасы, оның ішінде денсаулық сақтау саласы толық күйреген. Халықтың 80 проценті аш-жалаңаш.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Қарсылас тараптар құрлық, теңіз және әуе әскери операцияларын тоқтатуға уағдаласты. Бұл бейбіт бітім - Йемендегі ұзаққа созылған соғысты біржола тоқтатуға жасалған алғашқы қадам. Қақтығысты бейбіт реттеу бойынша келіссөздерді жаңғыртуға және саяси үдерісті қайта бастауға қолайлы сәт туып тұр.