Германиядан пана іздеген украиналықтар саны жарты млн-ға жуықтады

hromadske.ua

Шет елге тыныштық іздеп қашқан украиналықтар саны 4 млн-нан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың жартысына жуығы - балалар. Босқындардың 2,5 млн-ын Польша қабылдаған. Германиядан пана іздегендер саны жарты млн-ға жуықтады: неміс жерінде 300 мың украиналық ресми тіркеліп үлгерген.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украиналық босқындарды Берлинде қабылдау теміржол,метро және автобус вокзалында құрылған. Арып-тозып жеткен украиналықтарды неміс билігі мен жергілікті тұрғындар ыстық тамақ және жылы киіммен дәл осындай арнайы соғылған пунктерде қарсы алып жатыр. Германияда ресми тіркелген украиналық босқындар саны 300 000 адамға жетті.

Лада – Киев тұрғыны және кәсіпкер, Украинадан анасымен бірге қашқан 4 млн адамның бірі. Алпысты алқымдаған анасы Чехиядан, өзі Берлиннен пана іздеуге мәжбүр. Еуропаның басқа елдеріне қарағанда Германия босқындарға қаржылай көмек көрсетіп жатыр және украиналықтарға екі жылға уақытша тұруға мүмккіндік беретін визаны рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Лада, украиналық босқын:

- Ресми құжатты үш күн ішінде тіркедім. Екі жылға дейін Германияда тұрып және жұмыс жасауға мүмкіндік беретін құжатты рәсімдедім. Осы құжат бойынша көмек ақша, яғни айына 370 евро, бала болса тағы 290 алуға болады.

Киевтен бір ғана қол сөмкемен бас сауғалауға мәжбүр болған Лада неміс билігі ғана емес қарапайым халқы да жанашырлықпен қабылдағанын жасырмайды. Берлин вокзалындағы волонтер санында есеп жоқ.

Лада, украиналық босқын:

- Үйден құжат алып қана қашқан едік, көмек шын жүрек пен жанашырлықпен беріліп жатыр.

Берлиннің 23 жылдан бергі тұрғыны кәсіпкер Роман да қазір ерікті ретінде қызмет істейді. Аптасына бірнеше рет гуманитарлық көмек көлігін ұйымдастырып, туған еліне барынша көмектесуді қолға алған. Балаларға жылы киім, қол сөмке, дәрі-дәрмек пен азық-түлік тиелген жүк көлігі Варшаваға дейін жөнелтіледі, ары қарай пойыз арқылы Львов қаласына жеткізілмек.

Роман Сава, волонтер:

- Бір ғана біздің компания 10-15-ке жуық жүк көлігін Берлиннен Украинаға жөнелтті. Балаларға азық- түлік, жылы киім, көбінесе дәрі-дәрмек және бүгін мүгедек арбасын тиеп жатырмыз.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Берлин вокзалында ерікті боп қызметке орналасу қиын емес. Анкета толтырып, келесі күні жұмысқа кірісуге болады. Краков, Варшава, Мадрид, Барселона міне, енді Берлинде еріктілер боп көбінесе осы жақта бұрыннан тұрып келе жатқан еуропалық украиндықтар орналасуда. БҰҰ соғыс басталған бір айда 4 млннан астам украиналықтардың босқын күйінде шет елге қашқандарын мәлімдеді. Олардың 2,5 млн-ы кішкентай балалар.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач