АҚШ қорғаныс саласына қомақты қаржы бөлмек

АҚШ қорғаныс саласына қомақты қаржы бөлмек
РИА Новости

Әлем бойынша қарулы күштері мен әскеріне ең көп қаражат жұмсайтын елдердің ішінде Америка Құрама Штаттары топ бастап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел билігі пандемияға дейінгі жылдың өзінде 760 млрд-тан астам қаражат жұмсаған. Ал қазанның бірінен бастап АҚШ-тағы жаңа фискалды жыл басталады. Осы орайда Ақ Үй Басшысы Джо Байден және оның әкімшілігі 2023 жылға арналған жаңа бюджет жоспарын ұсынды.

Талғат Алманов, тілші:

- Осы аптада АҚШ Президенті Джо Байден 5.8 триллион долларды құрайтын жаңа бюджет жоспарын ұсынды. Негізгі бағыттардың бірі – федералды бюджеттің дефицитін қысқарту. Байденнің айтуынша, АҚШ-тың ұлттық дефицитін алдағы он жылда 1 триллион долларға дейін қысқарту көзделген. Өздеріңіз білетіндей, бюджеттің дефициті үкіметтің бір жыл бойы жұмсаған шығыны (мемлекеттік қазынаға) салықтың есебінен түсетін кірісінен асып кетсе қалыптасатын жағдай. Салық демекші, Байден бұл қаражатты алып корпорациялар мен өте бай америкалықтарға салынатын салықты көтеру арқылы жетуді көзеуде. «Миллиардерлердің минималды табыс салығы» немесе Байденнің жаңа салық саясаты бойынша халықтың 0.01 процентін құрайтын байлар немесе бір отбасында 100 миллион доллардан аса табыс табатындар 20 проценттік кіріс салығын төлеуі тиіс болады. Ақ Үйдің болжамы салықтың жаңартылған үлгісі бойынша аладғы 10 жылда мемлекет қазынасына 360 млрд қарды әкелу көзделген.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Соңғы бірнеше жыл бойы көптеген америкалық қиналып келді. Бірақ миллионерлер мен алып корпорациялар бұрын-соңды болмаған байлыққа кенелді. Себебі Трамптың салық саясаты байлар мен үлкен корпарациялардың табысқа кенелуіне жағдай жасады. Мәселен, қазіргі кезде біздің елдегі миллиардерлер орташа есеппен табысының 8 проценттін ғана салыққа төлейді. Ал өрт сөндіруші мен ұстаздар одан екі есеге дейін жоғары салық төлейді. Бұл әділетсіздік. Мен капиталистпін, бірақ байларға айтарым: ақша табады екенсіз, жақсы, бірақ бұдан бұлай тиісті салықты төлеуіңіз қажет болады.

Сонымен қатар Президент Байден АҚШ-тың қорғаныс саласына да қомақты қаржы бөлуді ұсынды. Бір ғана Пентагоның өзіне 773 млрд доллар қарастырылған. Ал елдегі қарулы қақтығыстар мен қылмысты азайту үшін полиция құрылымына тікелей 30 млрд бөлу көзделген. Сондай-ақ Еуропадағы одақтас елдер мен Украинаға жәрдем ретінде қосымша 7 млрд-ты ұсынып отыр демократ. Алайда Президент Байденнің бюджет жоспарын жан-жақты сынап жатқандар да аз емес. Себебі жаңа бюджетте әлеуметтік, климаттық және экономикалық қиындықтарды жөндеуге арнаған қаражат анау айтқандай көп емес көрінеді. Ал елдегі тұрғын үй, газ және азық-түліктің бағасы болса шарықтап кетті. Мамандардың айтуынша бюджет жоспарының заңнамаға өту-өтпеуі Конгрестің еншісінде. Ал бюджеттің қазіргі нұсқасын Өкілдер Палатасы мен Конгрестің қолдауы екіталай дейді олар.

Талғат Алманов