Байден Ресейдің Украинадағы әрекетін «геноцид» деп атады

АҚШ Президенті Джо Байден Ресейдің Украинаға басып кіруін алғаш рет геноцид деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Айова штатына сапары барысында мәлімдеді.

Байденнің айтуынша, Украинадағы қарулы қақтығыс барысында Ресей Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы айуандық әрекетке барған. Байден бұған дейін Ресейдің Украинаға қарсы әскери қимылдарын тек «әскери қылмыс» деп айтып келген болатын. АҚШ басшысы сондай-ақ әлемдегі жанармай мен азық-түлік бағасының шарықтауы Ресейдің Украинаға әскерін кіргізумен байланысты деп атап өтті.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Иә, мен мұны геноцид деп атадым. Себебі Путин украин ұлтын жер бетінен жойып жіберуге күш салып жатыр. Бұған дәлел жетерлік. Өткен аптада Ресейдің Украинадағы айуандық әрекеті әшкере болды. Біз әлі талай сұмдық жайттарға куә болуымыз мүмкін.