Шанхайға ковидпен күреске 40 мың медқызметкер жіберілді

Қытайдың Шанхай қаласына ковид дертімен күресу үшін 40 мың медицина қызметкері жіберілді.

Олар елдің 16 өңірінен тартылған. Мамандар аймақта емдеу мен жаппай тестілеу шарасына қатысады.

Айта кетейік, 25 млн тұрғыны бар шаһар наурыздың 28-інен бері толық карантинде отыр. Бұған қарамастан әлі де эпидахуалдың оңалатын түрі жоқ. Тіркелген жаңа науқастар күн өткен сайын артып барады. Бір тәулікте 1 мыңға жуық адам ауруханаға түсіп, тағы 22 мыңнан астам тұрғында ауру симптомсыз өтіп жатқаны анықталды. Жергілікті билік жағдай ушықса, карантин мерзімі ұзаратынын айтып отыр.