Түркияда тоқыма өнеркәсібі тоқырады

Түркияда тоқыма өнеркәсібі тоқырады

Негізі Ресей мен Украина Түркияның ірі сауда әріптестері. Бұл ел былтыр Украинаға жалпы сомасы 700 млн долларға жететін тоқыма экспорттаған болатын. Ал Ресейге бұдан 2 есе көп осындай өнім жіберілді. Украинадағы қарулы қақтығыс пен инфляция түрік кәсіпкерлерін екі бүйірден қысып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мехмет Йар, киім өндіруші:

– Соғыс басталғалы Украинамен арадағы сауда-саттық толық, ал Ресеймен жартылай тоқтады. Өнімдеріміздің 30%-і осы 2 елге жеткізілетін. Бұдан басқа, Ресейге жіберілген кейбір тауарларымыз орта жолда тұрып қалды. Ақшамызды аламыз ба, жоқ па, ол  жағын мүлде білмейміз.

Украинада бүгінге дейін түрік тауарларының 500-ге жуық дүкені жабылды. Ал Ресейде 600-ден астам компания келісімшартты бұзып, миллиондаған тапсырысты кері қайтарды. Қарулы қақтығыстың алғашқы аптасында ғана Түркияның тоқыма саласы 200 млн-нан астам доллардан айырылды. Бұл – Ыстамбұл тоқыма экспорттаушыларының қауымдастығы келтірген мәлімет. Түркияда жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 20 %-тен асады және жылына бюджетке бұл саладан ондаған миллиард доллар түседі.

Шереф Файят, Сауда биржалары одағының президенті:

– Украина жақын арада қалпына келе қоймас, сондықтан біздің саудамыз 2021 жылмен салыстырғанда 15 %-ке төмендейтіні сөзсіз. Оның үстіне, санкциялар ресейліктердің төлем қабілетіне кері әсер етіп жатыр. Ресеймен арадағы сауда 20-25 %-ке дейін азаюы әбден мүмкін.

Түркия батыс елдері сияқты Кремльге қарсы санкция енгізген жоқ. Осының арқасында әлемдік брендтердің Ресейден кетуі Анадолы елі үшін оңды болуы мүмкін. Сондай-ақ түрік өндірушілері қазір Африка мен Шығыс Еуропа нарығына экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Авторы: Ернат Мелсұлы