Хиуаны қазақ хандары басқарған – Өзбекстан

Заманында өз алдына бөлек мемлекет болып құрылып, дүниежүзіне танылған Хиуаны қазақ хандары басқарған. Мұны талай ғасырдан бері сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи дерек, көне жәдігерлер растайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі Өзбекстан аумағында орналасқан Хиуа шаһары әлемдік мұра саналады. Ол жерде қазақтың бай мұрасына қатысты дүниелер жетерлік.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бұл – Өзбекстанның туризм саласында жауһар жәдігері саналатын көне қала. Хиуа хандығының сан ғасырдан бергі тарихына куә мекен. Бұл жердің қазаққа қатысы жоқ емес. Орталық Азиядағы көне шаһарлардың ішінде бүгінгі күнге дейін бәз қалпында сақталған бірден-бір үлгісі осы болса керек. Ежелгі қалада тіршілік әлі тоқтамаған.

Заманында білім мен өркениеттің ошағы болған Хиуа медреселерінің бірі – Шерғазы атымен аталады. «Ол 18 ғасырда өмір сүріп, осы өлкеде билік құрған хан», – дейді жергілікті зерттеушілер. Медреседегі көне жәдігерлер де осы сөзімізді дәйекті етеді. Бұл жерде тұтас Дешті қыпшақ даласыннан келіп, білім алғандар көп.

Өктем Сатимов «Ишанқала» қорық музейінің бөлім меңгерушісі:

– Бұл медресе 1770 жылдары Хиуа ханы Шерғазы салдырған. Ол осы өлкені билеген тарихи тұлға. Медресені дүниежүзіне танытып, ілім мен білімнің орталығына айналдырды.

Қазақ халқы әулие тұтқан Бекет ата да осы өлкеде ілімін жетілдірген. Ол Хиуада өмірінің 7 жылын өткізеді. Кейін Маңғыстауға аттанып, мешіт-медреселер салады. Көне қалада бабаның құрметіне арнайы музей ашылған. Оқыған, білімін жетілдірген жер, яғни жеке бөлмесі экспозиция ретінде қайта жарақталды. Мұнда 18-ші ғасырда өмір сүрген тағы бір қазақ ғұламасы Қоңыр сопының да есімі ерекше аталады.

Өктем Сатимов «Ишанқала» қорық музейінің бөлім меңгерушісі:

– Бекет ата экспозициясындағы Қоңыр сопы бұрышы 2019 жылы ашылды. Ол да қазақтан шыққан ғұлама. Осы медреседе оқыған. Ұрпақтары келіп, тұтынған заттарын ұсынды. Қазір музейіміз сонысымен де құнды десем болады.

Жалпы Хиуа – Бұхара секілді ислам өркениетінің кең қанат жаюына үлес қосқан шаһардың бірі. Іргетасы сонау 2 мың жыл бұрын қаланған деседі. Ал 9 ғасырда Хорезм мемлекетінің астанасы болып, ерекше гүлденген. Сол кейпі әлі күнге сақтаулы. Қыш қабырғалары, биік мұнаралары алыстан мен мұндалайды. Сирек кездесетін деректерге сүйенсек, Хиуаны 40-қа тарта қазақ ханы билеген. Олар өлкені жаудан айла-әрекеттері арқылы талай шапқыншылықтан қорғаған.

Лола Рахманбаева, туризм министрінің кеңесшісі:

– Көне қала орнында былтыр инфрақұрылымдық мәселелер болды. Әрдайым қолайсыз иіс шығып тұратын. Биыл барлық проблема шешімін тапты. Ежелгі Хиуа шаһарында әлі күнге 200-дей отбасы тұрады. Олардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға басымдық берілді. Қазір шаһар бай тарихымен әлемнің әр бұрышынан туристерді тартады..

Хиуаны басқарған қазақ хандарының көбі Шыңғыс хан әулетінен болса керек. ХІХ ғасырға дейін ежелгі мемлекетте осы дәстүр үзілмей келген. Кейін билік ауысып, Ресей империясы тұсында хандық тіпті жойылып кетеді. Бірақ көне жәдігер, құнды деректер сақталған. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп, тарихи рөлі мен маңызы насихатталып келеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов