Еуропаға өнеркәсіптік дағдарыс қаупі төнді

Украинадағы соғыс Еуропадағы өнеркәсіптік дағдарысты тудырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап өту керек, Украина күнбағыс майы мен астықты тасымалдауда көшбастап келген. Бүгінде мемлекет әлем, оның ішінде Еуропа елдеріне қара теңіз порттары арқылы азық-түлік экспортын тоқтатты. Салдарынан Еуропа елдерінде азық-түліктің бағасы күрт көтеріліп кетті.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Украина былтыр ғана 6,5 млн тонна күнбағыс майын шет елге экспорттаған еді. Атап өту керек, Украинаның өсімдік майы әлемнің тоқсан еліне тасымалданып келген. Дайын өнімнің мол көлемі, оның ішінде отыз проценті Еуропа елдеріне, отыз алты проценті Үндістанға, ал он үш проценті Қытай нарығына жеткізілген. Елдегі соғыс биыл мұндай мүмкіндікті толығымен жойды, сондықтан Еуропа, оның ішінде Испанияда Украинаның сапалы әрі арзан келетін күнбағыс майын енді кездестіру қиын. Елде бір адамның қолына сатылатын сұйықмайдың көлемі шектетілді.

Владимир Рогач, экономист сарапшы:

Испанияның ірі супермаркет желілерінде күнбағыс майының шектеулі сатылымына қатысты ақпарат таратқаны рас. Күнбағыс қана емес, қант пен ұнның бір адам қолына сатылымы белгіленді. Мысалы, бір тұтынушыға бес литр ғана май, бес келі қант немесе ұн сатылды. Қазір ондай дағдарыс байқалмайды, дегенмен Еуропа елдері ауқымды түрде өнеркәсіптік дағдарыстан қауіптеніп, сақтық танытып отыр.

Биыл Украина күнбағыс қана емес, астық экпортының тасымалын да төрт есеге қысқартты. Бұл туралы экономика министрлігі мәлімдеді. Наурыз айында Украина сыртқы нарыққа 309 мың тонна ғана бидай, 118 мың тонна күнбағыс және 40 мың тонна ғана соя жібере алған. Әдетте Украина астығы Қара теңіз порттары арқылы экспортталып келген еді. Ал ай сайынғы астық тасымалы бес млн тоннадан асатын. Бүгінде теңіз порттары жабылған, сондықтан астықты Еуропа елдеріне теміржол арқылы тасымалдау жолдары қарастырылуда. Алайда, сәуір айының үшінде Украина билігі биыл егіс маусымы ұйымдастырылмағандықтан  астық мол көлемде шет елге  тасымалданбайтынын мәлімдеді. Бұл Еуропадағы өнеркәсіп дағдарысын арттыруы мүмкін фактор.

Владимир Рогач, экономист сарапшы:

Азық түлік түрлері әлі де қымбаттайды. Өйткені Украинадан тасымалданып келген сапалы әрі салыстырмалы түрде арзан келетін тауар түрлерінің экспорты еселеп қысқарды. Сондықтан Еуропа елдерінде баға әлі қымбаттай түспек.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Украинадағы геосаяси ахуал оның Қазақстанмен де экономикалық байланысына кері әсер етіп жатыр. Мысалы, екі ел арасындағы  тауар айналымы биыл қырық процентке дейін төмендеген. Кірістер комитетінің мәліметіне сай, еліміз Украинаға 36 млн долларға тауар экспорттаған. Оның ішінде пропан-бутан және өзге де сұйытылған газ сатылды. Былтыр еліміз Украинадан 2,3 млн долларға дәрі-дәрмек сатып алған еді. Алайда биыл Украинаның бұл тауар түрін импорттауға мүмкіндігі болмады. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Крикунов