Климаттың өзгеруі жаңа пандемияға апарып соқтыруы мүмкін

Климаттың өзгеруі жаңа пандемияға апарып соқтыруы мүмкін

Америка қайтадан алапат өрттің құрсауында қалды. Орманды алқаптарды шарпып жатқан тілсіз жау бірден бірнеше штатта тіркелді. Үндістан мен Пәкістан бұл күндері аптап ыстықтың астында қалған.

АҚШ-тың Нью-Мексико штатында орман өртінен жүздеген үйге қауіп төнді. Қазірдің өзінде табиғи апаттан 300-дей нысан күлге айналған. Осыған байланысты тұрғындар жаппай көшіріліп жатыр. Соңғы дерек бойынша тілсіз жау 40 мың гектар аумақты шарпыған. Жүздеген маман аптап ыстықтан өрши түскен өртті сөндіре алмай әлек. Әзірге оның үштен бірі ғана бақылауға алынған. 

Үндістанды аптап ыстық жайлады

Үндістанда күн күйіп тұр. Жаз басталмай жатып сынап бағанасы 40 градусты көрсетіп тұр. Халықтан маза қашқан. Бәрі шыжыған күннен қорғанудың амалын іздеп әлек. Бірі күн қағар қолшатыр ұстаса, енді бірі салқын сусыз үйден шықпайды. Ал ыстыққа шыдамаған адамдар өзен-көл маңын жағалап жүр.

Синоптиктердің айтуынша, ми қайнатар ыстық әлі бірнеше күн сақталады. Жергілікті жұрт наурызда ғана жүз жылда болмаған ыстыққа тап болған еді.

- Базардан керек-жарағымызды алу үшін үйден түске дейін не кеш бата шығамыз. Ал күндіз жүруге тура келсе, мейлінше сақтық шараларын сақтауға тырысамыз.

Аптап ыстық Үндістанға көршілес Пәкістанда да алқымнан алып тұр. Ыстыққа тіпті электр желілері шыдас бермей жатыр. Осыған байланысты кей өңірлер қауіпсіздік мақсатында қуат көзінен ажыратылған. Синоптиктердің айтуынша, ыстықпен алысқан пәкістандықтарға әлі де біраз сабыр сақтауға тура келеді. Өйткені аптап әлі де сақталады.

Ғалымдар: климаттың өзгеруі жаңа пандемияға әкелуі мүмкін

Американдық ғалымдар климаттың өзгеруі жер бетінде жаңа пандемиялардың пайда болуына әсер етуі мүмкін деп дабыл қаға бастады. Nature журналында жарияланған зерттеу жұмысына сәйкес, жаһандық жылыну кесірінен жануарлар өздеріне жаңа мекен іздеуге көшеді. Ал бұл жаңа вирустардың адамға жұғу қаупін айтарлықтай арттырады, дейді мамандар. Болжам бойынша ағымдағы жүзжылдықта әлем бойынша сүтқоректілердің 3 мыңнан астам түрі қолайлы мекен іздеп, қоныс аударады.