Чехия Ресейдің мұнайынан әзірге бас тарта алмайтынын мәлімдеді

Чехия Ресейдің мұнайынан әзірге бас тарта алмайтынын мәлімдеді

Чехия Еуропалық Одақтың Ресей мұнайына эмбарго салу шарасынан уақытша бас тартуға  ниетті. Бұл туралы осы елдің Премьер-министрі мәлімдеді. Қазір Прага Брюссельмен осы мақсатта келіссөз жүргізіп  жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, Ресейдің мұнайын ауыстыратын өзге құбырлар қуаты әлі төмен, яғни ел экономикасы  жапа шегуі мүмкін дейді. Осыған байланысты Прага ЕуроОдақтан шектеу шарасына қосылу үшін 2-3 жыл сұрап отыр.

Петр Фиала, Чехия Премьер-Министрі:

Біз Ресейге қарсы қатаң санкцияларды енгізуді қолдаймыз. Бірақ ол үшін өзге құбырлардың шикізатты тасымалдау қуатын арттыру керек. Қазір осы мәселеге қатысты Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель мен Еурокомиссия басшысы Урсула Фон дер Ляйенмен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

САРАПШЫ: ҚЫСҚА УАҚЫТТА РЕСЕЙДІҢ МҰНАЙДАН КІРІСІ АРТУЫ МҮМКІН

Ал кей сарапшылар ЕуроОдақтың эмбаргосы Ресейдің мұнайдан табатын  кірісін арттыруы мүмкін деп отыр. Себебі, Мәскеуде мұнай экспортының көлемі азайғанымен, қара алтын бағасының есебінен пайдаға кенеле алады дейді.

Георг Захманн, сарапшы:

Еуропалық Одақтың қазір ұсынып отырған эмбаргосы біраз уақыт өткен соң ғана әсер ете бастайды. Ал соғыс жағдайында уақыт маңызды. Сондықтан тез қимылдау қажет. Яғни егер эмбарго қазір жарияланса Ресейге күшті соққы болуы мүмкін. Ал егер бұл шараны қолдануға жарты жыл  дайындалсақ онда бұл Мәскеудің өзге елдерге сату жолын табуға мүмкіндік береді.