Өзбек-қырғыз шекарасында атыс болып, 3 адам қаза тапты

Осы аптада өзбек-қырғыз шекарасында атыс болды. Оқиға салдарынан 3 адам қаза тапты. Барлығы Қырғызстан азаматы.

Оларға қарсы өзбек шекарашылары оқ атқан. Қайғылы жағдай туралы ең алдымен қырғыз тарапы мәлімдеді. Үш азаматты өлім құштырған жағдайдың себебін білу үшін Өзбекстанға арнайы мамандар тобы барды. Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі бұл азаматтардың контрабандамен айналысқанын алға тартты. Қырғызстанға заңсыз тауар алып өтпек болған топ шекарашыларға қарсылық көрсеткен. Салдарынан үшеуі жарақат алып, Қырғызстанның ауруханасына жеткізілді. Алайда ес жимастан көз жұмған. Өзбек шекарашылары заң аясында әрекет еткенін айтып отыр. Тергеу әлі жалғасып жатыр. Екі елдің Сыртқы істер министрлері шұғыл телефон арқылы сөйлесіп, ресми органдары шекарада қару қолдануға қатысты жаңа келісімге келді. Бұдан былай байқаусызда тәртіп бұзған азаматтарға еш оқ атылмау керектігі атап өтілді.

Айта кетейік, Өзбекстан мен Қырғызстан арасында әлі шешімін таппаған жер учаскелері бар. Ортақ шекараның 5 проценті даулы күйде қалып отыр.