Түркияда қазақтың бауырсағы мен етіне сұраныс жоғары

«Отауға» бас сұққан қонақтардың ең жиі сұрайтын тағамы қазақтың бауырсағы мен нарыны, асылған еті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қожайыны Зейнеш Исмайл мейрамхананы о баста «Отанынан жырақта жүрген жерлестер бас қосатын жерге айналса» деген ниетпен ашқан екен, қазір келушілердің 90 %-і жергілікті тұрғындар дейді.

Зейнеш Исмайл, «Отау» орта азия мейрамханасының қожайыны:

Қазақ жастары елін сағынады, әке-шешесін сағынады,туыс-туғандарын,қазақтың тағамын бауырсағын, сүт шайын, нарын, бешбармақ сияқты тағамын сағынады. Сол үшін қазақ жастарының басын қосу үшін осындай ресторан аштық. Бұрын осы ресторанды түріктер білмейтін. Қазақтың тамағын жегеннен кейін ынтасы басқа. Біздің қазақтың тамақтары нақтылы тойымдылық жағымдылық жағынан ерекше. Біздің тағамдар бірінші сауда үшін емес, нақтылы адамдардың қарнын тойдыру үшін.

Түркиядағы қазақ кәсіпкерлері көбіне туризм мен қызмет көрсету саласына қаржы құяды. Бұл салада бәсекелестік өте  жоғары. Сондықтан, Түркия нарығына кіруді көздейтін кез келген кәсіпкер алдымен осы елге таңсық дүниелерді ұсынуға тырысады. Ал, түріктер негізінен біздегі құрылыс, текстиль, білім саласына қаржы құяды.Өткен жылы мұндай инвестицияның көлемі 680 млн. долларға жеткен. Сауда мен саясаттан бөлек, мәдени, әдеби салада да ежелден келген жатқан бір жақындық бар.

Якуб Омеруглу, Еуразия жазушылар одағының төрағасы:

Әдеби байланыстар менің ойымша, халықтардың арасындағы қарым-қатынастың фундаменті, жүрегі деп айтуға болады. Олар Абайдан бастап Мағжаннан бастап бізді жақындататын байланыстар Мағжанның «Алыстағы бауырыма» деген өлеңін оқып, жылайтын кісілер бар. Қазір Ұлықбек Есдәулет сияқты заманауи ақындарды біледі. Көп білген соң рухымыз бір-біріне жақындайды. Жүректер бір-біріне байланған соң қалғаны жеңіл болады. Экономикасы да, саясаты да, дипломатиясы да соның артынан келеді.

Ал, Гүлжанат Құрманғалиева бүгінгі күні Хаджи Байрам университетінің профессоры қызметін атқарады. Қазір Түркияда 200ге жақын университет болса, соның 15 шақтысында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы бар көрінеді.

Гүлжанат Құрманғалиева, Хаджи Байрам университетінің профессоры:

Бұл жақта студенттер қазақ тілі мен әдебиетін мамандық ретінде таңдап оқып, соны бітіріп шығады. Қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылықтары өте керемет. Өздері бос уақыттарында қазақ тілін үйреніп әдебиетін жетілдіреді. Қазақ әдебиетінен көптеген еңбектер аударылып жатыр. Соны қызығушылықпен оқиды.

Екі елдің сыртқы байланысы туралы сөз болғанда Түркияның еліміздің тәуелсіздігін алғаш боп мойындаған елдердің бірі екені айтылады. Және тәуелсіз Қазақстан тарихындағы шет мемлекет басшылары ішінде Қазақстанға ресми сапармен алғаш келген Түркияның сол кездегі Президенті Тұрғыт Озал болатын. Сол тұста Түркияда қанша қазақ тұрады деген сауалға оның «Мені қосқанда 60 млн қазақ бар» деп жауап беруі екі елдің тарихы, тамыры бір екенін көрсетсе керек.