Кенияда онкология дерті өршіп барады

Кенияда онкология дерті өршіп барады

Кенияда онкологиялық дерт өршіп барады. Алдағы 8 жылда бұл елде қатерлі ісікке шалдыққандар саны 1 миллион адамға жетуі мүмкін.

Халықаралық деңгейдегі дәрігерлер тобы осылай дейді. Обыр көбіне жатыр мойыны, сүт безі мен қуықасты безінде жиі кездеседі. Кенияда денсаулық сақтау саласы мүлде кенжелеп қалған. Әсіресе онкологиялық орталықтар мен арнайы дәрігерлер аз. Мұның үстіне аты жаман кеселге шалдыққан әйелдердің 38 проценті дәрігерге қаралудан қашатын көрінеді.

Джозефина Лешао, науқас:

- Рактан емделу көп ақшаны қажет етеді. Ал біз күнімізді әрең көріп отырмыз. Сондықтан өле салған оңай. Қанша жерден жан тәтті болса да аздаған тиын-тебенді бала-шағаның аузынан жырып, өзің ғана тірі қалу үшін жұмсағың да келмейді.

Уилфред Нгуа, Джон Хопкинс университетінің онкологы

- Африкада 100 адам ракқа шалдықса, олардың 80 проценті бәрібір қайтыс болады. Себебі бұл құрлықта АҚШ пен Еуропадағыдай инфрақұрылым жоқ, ем-дом қабылдауға мүлде жағдай жасалмаған. Тағы бір сұмдық нәрсе, Африкада 2 мыңға жуық тіл мен диалект бар. Олардың кейбірінде "рак" сөзінің баламасы жоқ. Сондықтан қатерлі ісікпен ауырып, көз жұмса да бұл дерек ол тілде ресми түрде тіркелмейді.