Халық қауіпсіз жер іздейді – Украина

Украинадағы еріктілер елдің шығысындағы халықты эвакуациялап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құтқарылғандардың арасында Донецк облысының Лиман, Северск пен Новосёловка елді мекенінің егде жастағы тұрғындары мен қолында сәбиі бар жас отбасылар көп. Халық туған-туыстарымен байланысын үзіп алғанын айтады. Қазір қауіпті аймақтарда қалғандардың саны әлі де көп дейді құтқарушылар. Жалпы  БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 8 млн-ға жуық тұрғын ел ішінде қоныс аударса, 5 млн-нан астамы өзге елдерге босып кеткен.

– Үйлеріміз қирап жатыр. Өте қиын жағдайдамыз. Біздің үйде 3 бірдей жарылыс болып, тас-талқаны шықты.

– Соғыс деген өте қорқынышты. Соғыс ашаршылықтан да жаман. Бұдан кейін балалардың болашағы не болады.  Өткеніміз бен келешегімізден де айырылған сияқтымыз.

– Әуеден зымырандармен атқылады. Олар бейбіт тұрғындарды көздеді. Өте сұмдық жағдай. Халықтың үрейі әлі де сейілген жоқ.